Дэвис кубогы: Пәкістанмен матчта Бейбіт Жұқаев 2:0-ге жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласында Дэвис кубогы бірінші әлемдік тобында Қазақстан мен Пәкістан арасында өтіп жатқан плей-офф матчының алғашқы күнгі ойындары аяқталды.

Александр Шевченкодан кейін жеңісті жолды әлемнің 230-ракеткасы Бейбіт Жұқаев жалғады.
Қазақстандық теннисші пәкістандық Хузайфа Абдул Рехманмен шеберлік байқасты.

Кездесу брейк алмасумен басталды. Тартысты өрбіген бірінші партия соңында Бейбіт тоғызыншы сет-пойнтты пайдалана білді — 7:5.
Екінші сет барысында пәкістандық спортшы жарақат алып қалғаннан кейін Жұқаевтың басымдылығы тіпті арта түсті — 6:0.
Бәсеке 1 сағат 19 минутқа созылды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 2:0 есебімен алға шықты.
Жексенбі күні Қазақстан — Пәкістан матчында тағы үш ойын белгіленген. Қазақстандықтарға енді бір кездесуді жеңіспен аяқтаса, жетіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Дэвис кубогында Пәкстанмен матчта Қазақстанның алға шыққанын жазған едік.