Димаш Құдайберген Ақтөбенің 150 жылдығында концерт береді
Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған жоспар облыс әкімдігінде бекітілді. Жоспар бойынша қаланың 150 жылдығы мамыр айында өтеді. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мерекелеу аясында әнші Димаш Құдайберген концерт береді.
"Қала тұрғындары мен қонақтарына мерейтойды еске салатын әлеуметтік, өндірістік нысандарды қолданысқа беру керек. Бұл шарадан бірде бір ақтөбелік тыс қалмайды. Әр адам өз үлесін қосуы тиіс", - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, қазіргі кезде 20-ға жуық өндіріс орнын, 6 жылыжай мен көкөніс қоймасын, 28 қызмет көрсету нысанын қолданысқа беру көзделіп отыр. Барлығы 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. 3100 шаршы метр пәтер қолданысқа беріліп, балабақшалар мен мектептер ашылады.
"Бөкенбай батыр, Есет батырға, Ақтөбе кеңесінің бірінші төрағасы Василий Зинченкоға ескерткіш қойылады. Қаланың 150 жылдығына монумент орнатылып, деректі фильм түсіріледі. Қайырымдылық шараларына басымдық беріледі. Ал 12 аудан сыйға әлеуметтік нысандарды тарту етіп, көгалдандыруға атсалысады", - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.