Димаш, Майя Бекбаева… Тағы 5 азамат «Қазақстанның ізгі ниет елшісі» атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин бірнеше танымал қазақстандыққа «Ізгі ниет елшісі» куәлігін салтанатты түрде табыстады.

Еске салайық, бұған дейін СІМ «Қазақстанның ізгі ниет елшілерінің» алғашқы тобына да осындай куәліктер табыстаған.

Бұл жолғы тізімге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннен бөлек Қазақстан және Италия театрларының опера әншісі және солисі Мария Мудряк, белгілі тілші, тележүргізуші және продюсер Майя Бекбаева, тарих ғылымдарының кандидаты және археолог Дмитрий Воякин, «Qazaq Geography» басқарма төрағасы, этнограф ғалым Әйгерім Мұсағажинова еніпті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бұл жоба еліміздің имиджін нығайту және оның жетістіктері мен құндылықтарын шетелде дәріптеу жолындағы тағы бір маңызды қадам болып танылды. Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан жүргізіп отырған БҰҰ Жарғысына сай халықаралық құқық негіздері бойынша жүргізілетін теңгерімді және прагматикалық сыртқы саясатының маңызы артып келеді. Сыртқы алаңда Қазақстан өзін жаһандық және өңірлік істердегі сенімді серіктес және халықаралық ұйымдардың белсенді қатысушысы ретінде ұстап келеді. Қазақстанның биыл бір мезгілде алты бірдей халықаралық ұйымға төрағалық етуі осының дәлелі бола алады, — деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, ол Сыртқы істер министрлігі шетелдік аудиторияға Қазақстанның мәдени мұрасын, ұлттық алуандығын таныстырып, ілгерілету бағытында жұмыс істейтінін еске салды.

— Біз Қазақстанның әлемдік аренадағы бірегей заманауи келбетін сақтап, шетелдік аудиторияға көшпелі өркениет мұрасын таныстыруға көңіл бөлеміз. Қазіргі ахуал мен жағдайда елдің жетістерін танытып, бейбітшілік пен келісімді нығайтуда, халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты жолға қоюда мәдениет пен ғылымның, өнер мен спорттың үлесі зор. Жұмсақ күш құралы деп аталатын халықтар арасындағы, мәдени, гуманитарлық дипломатияның маңызы артып келеді, — деген Ақан Рахметуллин «Қазақстанның ізгі ниет елшілерінің» қатарын толықтырған 5 адамға қандай міндет жүктелетінін айтты.

Осы мәртебеге ие болған Димаш Құдайбергеннің бүгінгі іс-шараға келмегенімен өзіне жүктелген миссияны орындауға кірісіп кеткенін атап өтті.

— Сіздер Қазақстанды түрлі салаларда өз күштеріңізбен дәріптеп жүрсіздер. Цифрлық байланыс тілінде сіздерді инфлюенсерлер деп атайды. Ал біз сіздерге «Ізгі ниет» елшісі дейтін жоғары мәртебені сенім тапсырғымыз келеді. Бұл сіздерге тек абырой ғана емес, үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы жоба арқылы біз әлемге қазіргі Қазақстанның жетістіктерін, мәдениеті мен өнерін, ғылыми прогресі мен спорттық жетістіктерін, шығармашылықтағы ұтымды шешімдері мен елдің туристік әлеуетін таныстыруға ниеттіміз», — деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.

«Ізгі ниеті» елшісі атанған әріптесіміз Майя Бекбаева қазақ халқының ұлттық құндылықтары қазіргі әлемде өте өзекті болып тұрғанын айтады.
— Отаным Қазақстанды сыртқа «Ізгі ниет» елшісі ретінде таныту мен үшін әрі құрмет әрі қуаныш. Еліміздің тарихы шын мәнінде бірегей әрі бай. Оның өзегінде бейбітшілік пен тұтастық жатыр. Менің алдымда ізгі ниет елшісі ретінде халқымыздың негізгі құндылықтарын ілгерілету міндеті тұр. Менің ойымша, ол құндылықтар қазіргі әлемде өте маңызды, — деді Бекбаева.



Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген үздік мәдениет қайраткері атанғанын жазған едік.
Сондай-ақ, жақында Майя Бекбаеваның жаңа альбом-кітабы жарық көргені хабарланды.