Димаш Құдайберген су тасқынынан зардап шеккен жерлестерін қолдап келді

гуманитарлық көмек
Фото: Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Әнші Димаш Құдайберген туған жері Ақтөбеге келді. Ол саяжай аумағында тұратын, бірақ қазір баспанасын тастап № 40 мектепте уақытша тұрып жатқан тұрғындармен кездесті. Осылайша қиын сәтте жерлестерімен бірге екенін жеткізіп, қайырымдылық қорына қаржы аударды.

Елімізде су тасқыны басталған кезде халықты сабырға шақырып, өзінің қай сәтте де қолдауға әзір екенін жеткізген әнші Димаш Құдайберген бүгін Ақтөбе облысына келді.

Ол алдымен баспанасына су кірген қамкөңіл жерлестеріне демеу болып, олардың жанынан табылды.

Жылы сөзін арнап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасы негізінде елдегі атқарылып жатқан істерге тоқталды.

— Бала кезден бастап тілеуімді тілеп, биікке қанат қағып, қалықтап жүрсін деген тілек тілеп жүрген жерлестерімнің қал-жағдайын білмей кете алмадым. Жаңалықтардан мемлекет тарапынан ауқымды сомада көмек беріліп жатыр дегенді оқып жатырмын. Ең бастысы, еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын, — деді әнші.

Өзі де игі істен шет қалмай, туған жеріне сапары барысында қайырымдылық қорға ақша аударды.

Тіпті күн-түн демей тынымсыз еңбек етіп, су тасқыны кезінде бел жазбай көмектесіп жүрген еріктілермен кездесті.

Гуманитарлық көмек беру орталығының үйлестіру жұмысымен танысты.

Бұл ақтөбеліктер үшін үлкен демеу, қолдау сапары болды. 

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша «Анаға тағзым» орталығы негізгі гуманитарлық көмек қабылдау орны деп бекітілді.

Мұнда қазір Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарымен қатар Қырғызстаннан да көмек келіп, қабылданды.

Осы орталықтағы еріктілер азық-түлік, киім-кешек пен төсек-орынды, гигиеналық заттарды сұрыптап, әзірлейді.

Сұраныс түскен сәтте бірден жинақтап, жүк көліктеріне тиеп береді. Ал тасымалдау қызметіне автоеріктілер жұмылдырылған.

Су тасқыны басталғаннан бері 8600 волонтер тәулік бойы жұмыс істеді. Қазіргі таңда гуманитарлық көмек орталығына жеткізілген 170 тонна азық-түлік және 50 тонна тауар аудандарға таратылды. 

Еске салсақ, Ақтөбе облысы бойынша су тасқыны кезінде зардап шеккен аудан балалары Талғардағы демалу лагеріне жолдама берілді. Онда 11 оқушы аттанды.

Сонымен бірге Ш. Берсиев атындағы орта мектептің бітіруші түлектері облыс орталығына келіп, оқып жүр.

 

Соңғы жаңалықтар