Димаштың ата-анасы бала тәрбиесіндегі басты қағидалармен бөлісті

АСТАНА. KAZINFORM — Шаңырақ күніне орай әнші Димаштың ата-анасы, жұлдызды жұп Қанат және Света Айтбаевтар Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында қонақ болды. 33 жыл отасқан жұп отбасы құндылықтары туралы ой бөлісті.

Димаштың ата-анасы бала тәрбиесіндегі басты қағидалармен бөлісті
Фото: Видеодан скрин

Олардың айтуынша, үлгілі отбасының негізі — дұрыс тәрбие мен ата-анадан көрген өнеге.

— Бізге өз ата-анамыз үлгі болды. Олардың болмысы, өзара қарым-қатынасы тәрбие мектебі іспетті. Бақытты отбасы болуымызға сол кісілердің еңбегі зор, — деді әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қанат Айтбаев.

Светлана Айтбаева келін мен ене арасындағы байланыстың маңызын атап өтті.

— «Келін ененің топырағынан» деген сөз бекер айтылмаған. Димаш дүниеге келгенде ата-енеміз бізге көмектесу үшін көшіп келді. Бұл — үлкен қолдау. Енеміз бүгінде әулеттің ұйытқысы. Қонақжай, мейірімді, қолы ашық жан. Үйден қонақ үзілмейтін үлкен шаңырақтың дәстүрін сақтап отыр, — деді ол.

Эфир барысында бала тәрбиесіндегі қарапайым, бірақ маңызды құндылықтар да сөз болды.

— 1994 жылы әжесі Димашқа пальто тігіп берді, ал бас киімін өзім тоқыдым. Әжесі үнемі батасын беріп, жақсы сөз айтып отыратын. Ол бейнежазба әлеуметтік желіде де кең тараған. «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген рас. Оған уақыт өте көз жеткіздік, — деді Светлана Айтбаева.

Өнер иелері әр баланың мінезі әртүрлі болатынын, бірақ дұрыс тәрбие бәріне ортақ негіз қалыптастыратынын айтты.

— Үш баламыз бар. Димаш, Раушан, Әбілмансұрдың өмірге көзқарасы ұқсас болғанымен, мінезі әртүрлі. Димаш — өткір, қайсар, жүрегі жұмсақ. Раушан — тиянақты, жауапкершілігі жоғары. Мансұр — қиялшыл, кітапқұмар. Үшеуі үш бөлек болғанмен, бауырмал. Ең бастысы — баланың жүрегіне бауырмалдық пен адамгершілікті сіңіру, — деді Қанат Айтбаев.

Сонымен қатар әнші тәрбие берудегі еркіндік пен тәртіптің тепе-теңдігі жайлы айтты.

— Қытай халқында «бала кішкентай кезінде қателік жасаса, ол ата-ананың кемшілігі» деген ұғым бар. Баланы жүгенсіз өсіруге болмайды. Қазақ тәрбиесі де осыған негізделген. «Әкең келе жатыр» деген сөздің өзі тәртіптің белгісі. Баланы шектен тыс еркіндікке жібермей, бағыт-бағдар беріп отыру қажет, — деді ол.

Еске сала кетейік, жақында Димаш Құдайберген Алматыдағы музейге атасының домбырасын сыйға тартты.

Соңғы жаңалықтар