Димаштың Лондондағы концертінде ән шырқайтын ақтөбелік оқушы кім

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Әнші Димаш Құдайбергеннің арнайы жүлдесіне ие болып, Лондондағы концертіне жолдама алған ақтөбелік оқушы Нарғыз Жанұзақова ертең Астанаға барады. Ол ҚазАқпарат тілшісіне армандары туралы айтып берді.

Биыл Ақтөбе облысында Балалар жылы жарияланып, «Бақытты бала» вокалдық байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқаудың қонағы әрі тәуелсіз бақылаушы болған әнші Димаш Құдайберген аталмыш байқауда көңілінен шыққан әнші қыз Нарғыз Жанұзақоваға ерекше сый жасады. Ол Лондондағы концертінде ақтөбелік оқушының да ән шырқайтынын айтып, өнерпазды қуанышқа бөледі. 

Содан бері жұлдызды күнді тағатсыздана күтіп жүрген Нарғызға министрліктен телефон шалып, Лондонға баратынын хабарлады. Ертең жас әнші Астана қаласына барып, Димаш Құдайбергеннен бірнеше вокалдық сабақ алады. Әрі қарай Лондон сахнасы күтіп тұр.

«Нарғыз 6 жасқа толмай мектеп табалдырығын аттады. Сол күннен бастап «апай, ән айтайын» деп ұсыныс жасаған. Кішкентайынан байқауларға қатысып, 7 жасында Алматы қаласына барды. Қызым вокалдан сабақ алып, нотаны үйренбей-ақ, жүрек қалауымен ән шырқады. Тек 2016 жылдан бастап жеке мектепте вокалдан сабақ алып жүр. Бірінші ұстазы - Гүлгүл Нұрланқызы. Ол биыл «Бақытты бала» байқауына қатысты. Дәл осы байқауда Димаш ноталық сауаттылығын арттырып, музыкалық білім алуды ұсынды. 2018 жылдың қыркүйегінен бастап Қазанғап атындағы балалар өнер мектебіне барды. Қазір вокал мен фортепиано үйірмесіне қатысып жүр», - дейді Нарғыздың анасы Сырғагүл Жанұзақова.

Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» ауданында орналасқан орта мектептің 8-сынып оқушысы Алматы, Астанада өтіп жатқан байқаулардан жиі бас жүлде алады. Мәселен, «Ғұмырдария» байқауында ІІ орын алса, «Айналайын», «Бозторғай», «Жас талант», «Әлем талант Stars» байқауларында бас жүлдені иеленді. Композитор Ермек Елгезеков «Ақтөбем» әнін жазып берді. Қазір Нарғыз Жанұзақованың репертуарында бұл ән бар.

«Марқұм күйеуім домбыра тартып, ән айтатын. Нарғыздың әкесі «қызымның дауысы зор, бір күні жарқ етеді» деп жиі айтып, өзі дайындады. 2014 жылы әкесі көз жұмған кезде Нарғыз «кімге арнап ән айтам» деп мүлде музыкаға қарамады. Апасы «әкең көреді, ән айт» деп көндіріп, мектепте қайтадан ән айтты. «Бақытты бала» байқауында да «Боль» әнін әкесіне арнады. Гран-при мен концертте ән шырқау құрметіне ие болғанда қатты таңқалдым, қуандым. Нағыз таланттың өз бағасын алғаны көңілге сенім ұялатады. «Нотаны білмесе де дәл түсіп, әнді жүрегінен өткізіп айтады» деп әділқазылар айтты»,- дейді Сырғагүл Жанұзақова.

Нарғыз Жанұзақова халықаралық байқауларға өз әнін жіберіп, іріктеуден өткенімен, әрі қарай жолақысы мен жатын орнын төлеуге қиналып, талай шақыруды кері қайтарды. Жас талант шетелге бірінші рет жолға шықпақ. Ол үлкен сахнаның қыр-сырын интернеттен қарап, танысып, меңгеруде.

«Indigo at the O2 концерт залы туралы интернеттен қарап, білдім. Мұнда әлемге танымал әншілер ән шырқаған екен. Мен ол сахнада «Елімнің жүрегі - Астана» әнін орындап, Қазақстанды көрерменге таныстырамын», - деді Нарғыз Жанұзақова.

Ағылшын тілін жақсы меңгерген оқушы сапарға шықпас бұрын өз білімін тағы бір пысықтап алды. Әрі Димаш Құдайбергеннің концертінде ән шырқайтынын естіген жанкүйерлер әлемнің әр түкпірінен хабарласып, әлеуметтік желі арқылы танысып жатыр.

«Көп адам байқауларға күш жұмсамауға кеңес берді. Әсіресе, дауыс күту маңызды. Таңертең дауысымды ашу үшін айқайлап аламын, сабақтан шыққан соң бір сағатымды әнге арнаймын. Өзім қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ән шырқаймын. Ағылшын тілін меңгеру еш қиындық туғызбады»,- дейді ол.

Анасы Сырғагүл Жанұзақованың айтуынша, тәжірибелі мамандар әлеуметтік желі арқылы танылу туралы жиі айтады. Бірақ Нарғыз әлеуметтік желі арқылы емес, шынайы өнерімен танылуды армандайды. 

Айта кетейік, жас талант продюсер Бағым Мұхитдиноваға барып, тағы бір сабақ алған. Ол Нарғызды тыңдаған соң вокалды меңгеріп, дауыс күтімін естен шығармауға кеңес берді. Тіпті, 12 жастағы оқушының 18 жастағы әнші секілді ән айтуы Бағым Мұхитдинованы таңқалдырған. Сурет салып, ән айтқанды ұнататын Нарғыз Жанұзақова әнші әрі дизайнер болуды армандайды. 

 

Соңғы жаңалықтар