Дипломдық жұмысты сатып алмақ болған ақтөбелік магистр алданып қалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде магистр дипломдық жұмысты сатып алмақ болып, 125 мың теңгесінен айырылды. Полиция алаяқтық бойынша ғана іс қозғады.

Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын 27 жастағы магистр алданып қалды. Ол дипломдық жұмыс сатып алмақ болып, алдымен Instagram желісі арқылы хат алмасады. Кейін WhatsApp арқылы хабарласып, 125 мың теңге аударады.
— Дипломдық жұмыс жазылмады әрі магистр ақшасынан айырылды. Қазіргі кезде «Алаяқтық» фактісі бойынша ғана іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Сонымен бірге кейінгі уақытта белгісіз адамдар өздерін емхана қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға шұғыл түрде медициналық тест тапсыру қажет екенін хабарлап, қоңырау шалады. Артынша 1414 қысқа нөмірінен SMS-хабарлама жіберіп, кодты телефон арқылы айтуын сұрайды. SMS-хабарламаны адамдарға айтуға қатаң тыйым салынады, — деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Бұған дейін ақтөбелік зейнеткер инвестиция салмақ болып, 4,7 млн теңге ақшасынан айырылды. Тағы бір тұрғын әлеуметтік желі арқылы жас жігітпен танысып, өзіне несие рәсімдеген.