Disney шығынды азайту үшін мыңдаған қызметкерін қысқартпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық Walt Disney Co. компаниясы жыл сайынғы шығындарын 20%-ға азайту мақсатында қызметкерлерін жаппай қысқартуға дайындалып жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады.
Bloomberg агенттігінің хабардар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, компания мыңдаған жұмыс орнын қысқартып, шығындардың басқа баптарын да оңтайландыруды жоспарлап отыр.
Өзгерістер ең әуелі саябақтарға, телеарналарға және Disney киностудиясына әсер етуі мүмкін.
Агенттіктің мәліметінше, компанияның бас директоры Джош Д’Амаро үнемделген қаражаттың бір бөлігін контент өндіруге, технологияларды дамытуға, сондай-ақ саябақтар мен круиздік бизнеске қолдауға бағыттауды көздеп отыр.
Кейінгі жылдары Disney шығындарын бірнеше миллиард долларға қысқартып, мыңдаған қызметкерін жұмыстан шығарғаны айтылды. Былтырғы қаржы жылының қорытындысы бойынша компанияның әлемдегі қызметкерлерінің жалпы саны 231 мың адам болған.
Осындай шараларды Netflix, Sony Pictures Entertainment, сондай-ақ Paramount пен Warner Bros. компанияларының бөлімшелері де қолға алып жатыр.
Қызметкерлерді қысқарту дәстүрлі телеарналардан түсетін табыстың төмендеуі, стримингтік платформалар аудиториясының баяу өсуі және әлеуметтік желілер мен технологиялық компаниялар бәсекесінің күшеюімен байланысты.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, Walt Disney компаниясы балалардың құпиялылығын қорғау туралы заңды бұзды деген айыптауларды реттеу аясында 10 млн доллар айыппұл төлеуге келіскенін хабарлағанбыз.