21:35, 26 Желтоқсан 2025 | GMT +5
Дмитрий Панарин бадминтоннан Бангладештегі турнирде алтын медаль жеңіп алды
АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстандық Дмитрий Панарин бадминтоннан Даккада (Бангладеш) өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.
ҚР ҰОК мәліметінше, отандасымыз жекелей сында үздік нәтиже көрсетті. Финалда Панарин Малайзия өкілі Мохаммад Рушданды 2:1 есебімен жеңді (21:17, 14:21, 21:10).
Айта кетейік, жартылай финалда Дмитрий Конг Чжоу Суинді (Малайзия) 2:0 есебімен ұтқан болатын.
Бадминтоннан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Дмитрий Панарин Бангладештің Дакка қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде алтын медаль үшін бақ сынайтынын жазған болатынбыз.