Дмитрий Попко АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 338-ракеткасы Дмитрий Попко АҚШ-тағы Палм-Коуст ITF жарысының жартылай финалына өтті.

Турнирдің 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 821-орында тұрған америкалық Аксель Нефвемен кортқа шықты.
Д.Попко өткен аптада Санрайзда А.Нефвені 6:7 (9:11), 7:5, 6:2 есебімен жеңген еді.
Бұл жолы Дмитрий кездесуді екі сетпен аяқтады 7:6 (7:1), 6:2.
Дмитрий Попко финалға шығу үшін әлемнің 440-ракеткасы, румыниялық Габи Адриан Бойтанмен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 57-ракеткасы Александр Шевченко Роттердам ATP 500 турнирінің жартылай финалынан тыс қалды. Оның жолын ширек финалда тартысты матчта әлемнің 13-ракеткасы, болгариялық Григор Димитров бөгеді – 7:6 (7:2), 3:6, 6:4.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева жұптық сында таиландық Ланлана Тарарудимен бірге Таиландтағы ITF додасының жартылай финалында сүрінді. Олар қытайлықтар Шуо Фэн – Ушуан Чженге жол берді – 2:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Доха турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.