Ақша айырбастайтын орындарда шетел валютасы еркін саудалануда — қауымдастық
АСТАНА. KAZINFORM — Кеше қазақ валютасының күрт құлдырауынан кейін бүгін қор биржасындағы күнделікті сауданың қорытындысы бойынша теңгенің құны долларға қатысты аздап нығайды. Ақша айырбастау пункттеріндегі жағдай тұрақты: ірі қалаларда доллар 520-523 теңге аралығында сатылуда. Kazinform тілшілері күні бойы теңге бағамын бақылап отырды.

KASE-тің жұма күнгі күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы кешегі күрт серпілістен кейін 1,83 теңгеге төмендеп, 511,22 теңгені құрады. Ұлттық банктің 29 қарашадағы ресми бағамы долларға 513 теңгені құрайды.
Сағат 12:00–де Алматыдағы ақша айырбастау пунктерінде доллардың орташа бағамы 509,43-513,68 теңге, Астанада — 505,66-514,37 теңге, Шымкентте — 511,21-515,13 теңге болды.

Сағат 14:00–де бағам сәл көтерілді: Алматыда доллар 515,42–519,58 теңгені, Астанада — 511,98–520,00 теңгені, Шымкентте — 514,92–519,58 теңгені құрады.

Кешкі сауданың қорытындысы бойынша сағат 17:00–де бағамдар белгіленді: Алматыда — 515,77-520,10 теңге, Астанада — 514,78-524,62 теңге, Шымкентте — 516,68-522,21 теңге.
Қазақстандағы ақша айырбастау пункттері қауымдастығының басшысы Аршын Ғалымбаев Kazinform агенттігінің тілшісімен сұхбатында теңге бағамының ауытқуы аясында айырбастау пункттеріндегі жағдай туралы айтты.
«Кеше нарықта жоғары құбылмалылық байқалды: сауданың басында доллар үшін бағам 503 теңге болды, кейін 519 теңгеге дейін көтерілді. Ең жоғары көрсеткіш 519,7-ге жетті. Мұндай өзгеріс, әрине, көптен бері болмаған. Мұны тарихи максимум деп атауға болады. Жағдай теңгеге қысым, әлемдік нарықта доллардың нығаюы және ресейлік валютаның құлдырауына байланысты туындады. Бірақ, бағам көтерілгенімен, ақша айырбастау пунктерінде қарбаластықты көріп тұрған жоқпыз. Жағдай тұрақты», — деді ол.
Сондай-ақ, ол ақша айырбастау пункттерінде шетел валютасының қолжетімділігінде ешқандай мәселе жоқ екенін баса айтты.
«Кез келген көлемде қол жетімді валюталар бар, банктер валюталарды сатып жатыр. Ешқандай тапшылық, асқан сұраныс немесе көлеңкелі бағаммен жасырын сату жағдайлары байқалған жоқ», — деп қосты Ғалымбаев.
Айта кетейік, кеше қазақстандық биржада доллар күрт нығайды: KASE-тегі орташа бағамы тәулігіне 12,58 теңгеге қымбаттап, 513 теңгеге жетті. Kazinform тілшісі сөйлескен сарапшылар нарықта мұндай серпіліс бұрын болмағанын және бұл құбылысты аномальды деп атауға болатынын айтты.
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т дәлізімен жылдық 15,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.