Дональд Трамп Нигерияны алаңдаушылық тудыратын ел деп атады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Нигерияда христиан дініне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. Сол себепті ол Нигерияны «алаңдаушылық тудыратын ел» деп атады.
Трамп Truth Social әлеуметтік желісіне осындай пост жариялады.
-Христиан діні экзистенциалды қауіппен бетпе-бет келіп отыр. Радикалды ислам өкілдері адамдарды жапай қырып-жою әрекетіне жауапты. Осы себепті Нигерияны «ерекше алаңдаушылық тудыратын ел» деп мәлімдеймін, - деп жазды ол.
Оның сөзінше, Нигерияда 3 мыңнан астам христиан өлтірілген, сол себепті қазір шұғыл шаралар қолдану қажет.
Трамп конгрессмендер Райли Мур, Том Коул мен Өкілдер палатасының қаржы бөлу комитетіне жедел түрде осы мәселемен айналысуды тапсырды.
- Нигерия мен өзге де елдерде аюандықтар жасалып жатқанда Құрама Штаттар олардан тыс қала алмайды. Біз христиан қоғамдастығын бүкіл әлем бойынша қорғай аламыз, біз оған дайынбыз және солай істегіміз келеді, - деді ол.
Осыған дейін Нигерияда ауылдарға қарулы шабуылдар кезінде 13 адам қаза тапқаны туралы жаздық.