Допинг дауы: WBO ішкі тергеу процесін бастайды
АСТАНА.KAZINFORM – Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) осы тұжырым бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының допинг тесттен өтпей қалуына қатысты ресми мәлімдеме жариялады.
WBO ерікті допингке қарсы қауымдастықтан (VADA) талдау қорытындысы туралы ресми хабарлама алғанын растады.
- Ұйым ережелеріне сәйкес және адалдыққа, спортшылардың қауіпсіздігіне және әділ бәсекелестікке деген міндеттемемізді қайта растай отырып, WBO ішкі тергеу процесін бастайды. Спортшыларға және оның өкілдеріне толық құқықтар, тиісті рәсімдер және барлық тиісті ақпаратты, түсініктемелерді және құжаттаманы ұсыну мүмкіндігі берілетін «Себепті көрсету туралы хабарлама» жіберіледі, - делінген ресми мәлімдемеде.
WBO барлық қатысушыға допингке қарсы іс-шаралар қатаң жауапкершілік саясаты бойынша жүргізілетінін еске салды.
- Осы саясатқа сәйкес, егер спортшының сынамасында тыйым салынған зат табылса, WBO ниет, кінә, немқұрайлылық немесе қасақана пайдалануды дәлелдеуге міндетті емес. Тыйым салынған заттың оның денесіне енбеуін қамтамасыз ету спортшының міндеті болып саналады және спортшы анықталған кез келген тыйым салынған зат үшін толық жауапты болады, - деп атап өтті ұйым.
WBO бұл мәселе қазір белсенді тергеу үстінде болғандықтан және процестің тұтастығын сақтау үшін қазіргі уақытта ешқандай түсініктеме бермейтінін, барлық тарап WBO ережелеріне сәйкес кез келген шешімдер немесе әрекеттер туралы жазбаша түрде хабардар етілетінін мәлімдеді.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, танымал «The Ring magazine» кәсіпқой бокс басылымы Жәнібек Әлімханұлының VADA сынамасы оң нәтиже көрсеткенін хабарлаған еді.
Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында допинг дауына қатысты өз пікірін айтты.
Жәнібек Әлімханұлы және Эрисланди Лара арасындағы орта салмақтағы WBO, IBF және WBA белбеулері үшін біріккен титулдық жекпе-жек осы жекскебі АҚШ-тың Техас штатында өтеді деп жоспарланған болатын.