Допты хоккей: «Ақжайықтың» ойыншысы бір маусымда 100-ге жуық гол соқты
ОРАЛ. KAZINFORM — Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыстың 2023-2024 жылғы маусымы қорытындысында «Ақжайық» шабуылшысы, ресейлік Максим Пахомов үздік сұрмерген атанды.

«Ақжайық» спорт клубынан мәлім еткеніндей, М.Пахомов өткен маусымда 96 гол соғып, 39 нәтижелі пас берді. Бұл көрсеткіш жөнінен Максим жоғары лигада алдына жан салмады.
«Ақжайық» командасының капитаны Максим Өтебалиев 40 гол, 46 нәтижелі паспен екінші орынға ие болды. Бұл М.Өтебалиев үшін ең үздік маусымдардың бірі болды.
Тағы бір ресейлік Артем Лапшин 34 гол, 14 нәтижелі паспен «Ақжайықтың» жеңістеріне өз үлесін қосты.
Қуаныш Темірәлин мен Самат Аманшин көбіне қорғаныста ойнаса да, шабуылға да дер кезінде қосылып отырды. Қуаныштың есебінде 5 гол, 23 нәтижелі пас, Саматта 6 гол, 13 нәтижелі пас бар.
Николай Шавалдиннің шәкірттері екінші топта үздік үштікке кіріп, финалдық турнирде жетінші орыннан көрінді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» маусымды ірі жеңіспен түйіндегенін жазған болатынбыз.