Досқалиев Ақтөбеден ағзаларды тасымалдайтын санавиация қызметін ашуды ұсынды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге келіп, бірнеше ота жасаған академик Жақсылық Досқалиев шаһарда ағзаларды тасымалдайтын санавиация қызметін ашуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбеде ұйымдастырылған «Туған жер» республикалық форумына қатысқан академик Жақсылық Досқалиев екі адамға бауыр ауыстыру отасын жасады.  Оның бірі мәйіттік донордан жасалса, 12 жастағы қызға туысының бауыры салынды. 

Күрделі отаның басы-қасында жүрген Ұлттық трансплантология орталығының директоры Жақсылық Досқалиев осы саладағы қиындықтардың түйінін шешуді сұрады. «Еуропа елдерінде мәйіттік донор бағыты жақсы дамыған. Ал Азия елдерінде көбіне ағзалар жақындарынан алынады. Тасымалдау қызметі, санитарлық авиация туралы ұсынысым бар. Министрлік қолдау білдіреді деген үміттемін. Ақтөбе қаласынан ағзаларды тасымалдайтын санитарлық авиация қызметін ашу қажет деп есептеймін. Себебі, аймақта медициналық кластер қолға алынды, трансплантолог-хирургтер бар. Қазақстанның батыс өңірінің орталығы саналатын Ақтөбеде ұшақ, тікұшақпен ұшып барып, жол жөнделген соң көлікпен ағзаларды тасымалдауға мүмкіндік жасалғаны дұрыс. Мәселен, мәйіттік донор болған адамның бауырын Петропавлдан тасымалдау үшін бірнеше күн бұрын Астанаға хабрластық. Олар солтүстік өңірге барып донордың бауыры мен жүрегін, өкпесін, бүйрегін, көзін алды. Кейін осы ағзаларды жан-жаққа таратты. Ақтөбеде ем алып жүрген Атырау облысының тұрғынына бауыр тіні сәйкес болып шықты. Бұл медициналық кластердің жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Санавиация ашылса мамандар барып, өздері ағзаны тікелей жеткізер еді. Бұл қаржы үнемдеуге, уақыт қысқартуға бағытталған жұмыс»,- деді академик Жақсылық Досқалиев.

Статистикаға сүйенсек, 2014 жылдан бері Ақтөбеде 36 бүйрек, 10 бауыр ауыстыру отасы жасалды. Үш жылдық жұмыстың қорытындысын Жақсылық Досқалиев жоғары бағалады.

«Санавиация туралы екі жылдан бері келісім жүріп жатыр. Бізге ұшақ, тікұшақ қажет. Министрлік бұл ұсынысты қолдаса, өңір құрал-жабдықтармен, ғимаратпен және мамандармен қамтамасыз ете алады. Бұл өте жақсы ұсыныс»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Академик Жақсылық Досқалиев Ақтөбедегі медициналық кластер жұмысын жоғары бағалады. «Бір-біріне жанаспайтын бағыттарды біріктіріп, бір бүтін ету өте қиын жұмыс. Елімізде алғаш рет республикалық, жергілікті бюджет пен жекеменшік біріктірілді. Осы жолмен инвестиция тартылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында «Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар - Астана мен Алматы, одан соң - Шымкент пен Ақтөбе болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді» деп атап өтті. Ақтөбеде бұл тапсырма іске асырылып жатыр. Ақтөбеде медициналық кластер құрылып, алғашқы нәтижесін бере бастады. Еліміз үшін үлгі боларлық іс»,- деді Ж. Досқалиев.

 

Соңғы жаңалықтар