«Достық» бекетінде электронды кезек алу ережесін бұзғандардың аккаунттары бұғатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қытаймен шекарадағы «Достық» бекетінде электронды кезекке қойылған көліктердің 63 пайызы ереже бұзған пайдаланушыларға тиесілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Достық» бекетінде электронды кезек алу ережесін бұзғандардың аккаунттары бұғатталды

«Мемлекеттік деректер базасы арқылы тексерістен қазақстандық тасымалдаушылар өтетіндіктен, бізде шетелдік тасымалдаушылар бойынша басқа базалармен интеграция жасалмаған. Тиісінше, айла-шарғы жасау деректері тіркелген. Мәселен, бірнеше шетелдік компанияның өкілдері мемлекеттік нөмірлерді өзгерту, яғни бірінші жағдайда сызықша қойып, екінші рет бос орын қалдыру секілді бір нөмерді түрлендіру арқылы кезек алған. Осылайша, олар өз клиенттерінің көлігін жылжыту мүмкіндігіне ие болған», - дейді ҚР ҚМ «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ бас маманы Азамат Құрманов.

Талдаулар көрсеткендей, сервис іске қосылғалы бері екі ай ішінде «Достық» бекеті арқылы шекарадан 1 759 көлік өткен, оның 1 108-і немесе 63 пайызы – осы пайдаланушылардың көліктері.

«Пайдаланушы келісімшартын бұзғаны үшін олардың аккаунттары бұғатталған. Егер броньда көрсетілген нөмірлі фуралар шекараға келсе, олар өте алады, бірақ аталған пайдаланушы кезекті өзгерту немесе қандай да бір броньды жылжыту құқығынан айырылады.

Келісімшартқа сай, оны бұзған пайдаланушы аккаунты 90 күнтізбелік күн өткеннен кейін бұғаттан шығарылады немесе соттың шешімі бойынша оған дейін жүзеге асуы мүмкін. Материалдар құқық қорғау органдарына беріледі», - дейді Азамат Құрманов.

Айта кетсек, электронды кезек сервисі Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Достық», «Нұр-Жолы» өткізу бекеттерінде енгізілген.

Осы айдың аяғына дейін Өзбекстан және Түрікменстанмен шекарада да жүйені қолданысқа енгізу жұмыстары аяқталмақ.