Дропперлік — енді қылмыс: Қазақстанда жаңа бап күшіне енді

АСТАНА. KAZINFORM —  Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

дроперлік
Фото: ІІМ

— 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін жауапкершілікті қарастыратын жаңа 232-1-бабы енгізілді. Банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, оның ішінде материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру әрекеттері дропперлік болып саналады, — деп ескертті Ішкі істер министрлігі.

Бұл әрекет интернет-алаяқтықтың негізгі әдістерінің бірі және ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру мен шығару үшін қолданылады.

Іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай 232-1-бап айыппұлдан бастап, мүлікті тәркілей отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Аталған норма кибералаяқтыққа қарсы жүйелі күресті, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін нығайтуды және цифрлық ортада әрекет ететін қылмыстық топтардың қызметін тоқтатуды көздейді.

Бұдан бұрын Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан үш қылмыстық топ құрықталғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар