Дубай инвесторларға бизнесті жеңілдету шараларын енгізуге кірісті
АСТАНА. KAZINFORM — Эмираттың мемлекеттік және коммерциялық ұйымдары инвесторлар үшін бизнесті жүргізуді жеңілдету шараларын әзірлеуді бастайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Дубайдың экономикалық қауіпсіздік орталығы, Дубай еркін аймақтар кеңесі және Emirates NBD банкі инвесторлармен жұмыс сапасын жақсарту және бизнесті жеңілдету мақсатында стратегиялық ынтымақтастыққа бағытталған меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қойған тараптар инвесторлардың банктік шоттарын ашу процедураларын жеделдету, озық цифрлық шешімдер мен жаңа технологияларды енгізу арқылы операциялық тиімділікті арттыру және нормативтік талаптарға сәйкестікті жақсарту бойынша бірлесіп жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар, компания ашылғаннан кейін инвесторларға ыңғайлы болу үшін тіркеу, лицензиялау және коммерциялық операцияларды оңтайландыру жоспарланып отыр.
Бұл мақсаттар үшін тараптар қажетті ақпараттар мен деректерді алмастыратын болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дубай қолма-қол ақшаны қолдануды азайта бастағанын, сондай-ақ қалада жүргізушісіз такси қызметі іске қосылғанын жазғанбыз.