Дубайда әлемдегі ең биік метро станциясы салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Дубайда метро желісін кеңейту жобасы аясында әлемдегі ең биік метро станциясы салынбақ. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ хабарлады. 

Дубайда әлемдегі ең биік метро станциясы салынады
Фото: azertag.az

Dubai Creek Harbour атты қарқынды дамып келе жатқан ауданда орналасатын бұл станция Emaar Properties Station деп аталады және оның биіктігі 74 метрге жетеді.

АЗЕРТАДЖ-тың шетелдік ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, станцияны Skidmore, Owings & Merrill атты америкалық сәулет бюросы жобалаған. Бұл компания бұған дейін әлемдегі ең биік ғимарат – Бурдж-Халифаның да жобасын жасаған. Жаңа станцияның сәулеттік шешімі «қиылысқан қақпалар» тұжырымдамасына негізделген. Оның жалпы ауданы 11 мың шаршы метр және күніне 160 мың жолаушыны қабылдай алады.

Көк желі қаланың көлік қатынасын жақсартуға бағытталған. Ол метроның Қызыл және Жасыл желілерімен үш ауысымдық станция арқылы біріктіріледі. 2029 жылы пайдалануға берілетін бұл жаңа желі Академиялық қала, Аль-Варка, Дубай Кремний оазисі, Халықаралық қала және Мирдиф сияқты маңызды тұрғын және іскерлік аймақтарға қатынасты жеңілдетеді. 

Айта кетелік Дубайдағы Mall of Emirates сауда орталығын кеңейтуге 1,36 млрд доллар жұмсалатыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар