Дубайдағы көрме: Экология вице-министрі куәгер ретінде жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM –  Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Дубайдағы көрмеден кейін ведомстводағы қызметкерге қатысты тергеу амалдары бойынша пікір білдірді. 

Нысанбаев Ерлан
Фото: primeminister.kz

Бүгін Сенатта орнықты даму саласына қатысты отырыстан кейін тілшілер министрден тергеу амалдары аясында вице-министр Мансұр Ошурбаевтың статусына қатысты сұрады.

«Дубайдағы Қазақстан павильонының дайындалуын тексеру аясында оның кабинетіндегі құжаттар алынды. Қазір одан куәгер ретінде жауап алынып жатыр», - деді Е. Нысанбаев.

Оның айтуынша, вице-министрге айып тағылмаған.

«Қазір ол жұмысын жалғастырып келеді. Тергеу қорытындысы бойынша шара қабылданады. Ол куәгер ретінде жауап беріп, тергеу амалдарына атсалысып жатыр», - деді Экология министрі.

Еске салсақ, биыл ақпан айының басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлеріне қатысты тергеу жүріп жатқанын растады. 

Бұған дейін Экология министрлігінің Дубайда өткен көрмеге қатысуы кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталып, лауазымды тұлғалар ұсталғаны жайлы инсайдерлік хабар тараған еді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінен хабарлағандай, ведомство БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясын өткізуге жұмсалған шығынға қатысты ішкі аудит жүргізген. 

 

Соңғы жаңалықтар