Дүкендегі азық-түліктің неше пайызы отандық өндірушілерге тиесілі болуы керек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі кезде еліміздегі дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің неше пайызы отандық өндірушілерге тиесілі? Бұл сұраққа ҚР Сауда және интеграция министрлігі жауап берді.

дүкен
Фото: pixabay

- Қазіргі кезде ішкі сауда ережелеріне сәйкес, сауда желілерінде және базарларда отандық тауар өндірушілердің азық-түлік тауарлары кемінде 30% көлемінде орналастырылуы тиіс. 2024 жылғы 6 сәуірдегі Заңға сәйкес, министрлік ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі өкілеттіктерге ие. Осы заңды іске асыру үшін ведомство ішкі сауда субъектілерінде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау көрсету ережелерін қабылдады, онда мемлекеттік қолдау алған ұйымдар үшін 20% азық-түлік және 20% азық-түлік емес отандық тауарлардың сөрелік орынға орналастырылуы туралы міндеттемелер сақталды. Осылайша, ішкі сауда субъектілері отандық азық-түлік тауарларын сөрелерде 50%-ға дейін (ішкі сауда ережелері бойынша 30% және оған қоса мемлекеттік қолдау ережелері бойынша 20%) орналастыруы қажет, ал отандық тұрмыстық тауарлар 20 пайыздан кем емес болуы тиіс, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, ішкі сауда ережелеріне сәйкес, ішкі сауда субъектілері отандық өнімдердің сөрелерде орналасу орындарын арнайы белгілермен немесе «Қазақстанда жасалған» жазуымен айқындауы тиіс. Отандық өнімдерді халық арасында кеңінен сұранысы бар тауарлармен қатар «кросс-мерчендайзинг» әдісімен орналастыру керек. Мұнымен қоса, оларды көзге көрінетін және қолға оңай алуға болатын орындарға қою керек. Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 2023-2024 жылдары мемлекеттік «Қазақстанда жасалған» жол картасы жүзеге асырылды. Бұл жол картасы аясында жәрмеңкелер мен арнайы көрмелер ұйымдастырылды.

- Қазақстандық өндірушілердің оң имиджін қалыптастыру үшін ақпараттық науқандар өткізіліп, «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі туралы оң пікір қалыптастыруға бағытталған шаралар тұрақты түрде атқарылып жатыр. 2023 жылы Сауда және интеграция министрлігі сауда желілері мен ірі сауда объектілерінде тауарларды жеткізу бойынша келісімшарт жасауға немесе келісімшарт жасалған жағдайда олардың дискриминациялық сипатын анықтау мақсатында тексерулер жүргізу құқығына ие болды. Отандық тауарлардың сауда сөрелеріне жеткізілуін бақылау тұрақты жүргізіп келеді, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына да мониторинг жасалады, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында EXPO Халықаралық көрме орталығында «Ulttyq ónim» VIII отандық өндірушілер көрмесі өтті. Үш күн бойы көрмеде Қазақстанның барлық өңірінен 350 өндіруші қатысып, өз өнімдерін ұсынды.

Еске салсақ, биыл Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов импорттық тауарларға «Қазақстанда жасалған» деген сертификаттар берілгенін айтып, осы жағдайды сынға алған еді.

 

Соңғы жаңалықтар