Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстан қанша медаль алуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қазақ спортшылары барлық 21 спорт түрінен қатысады. Соның бәрінен медаль алуды жоспарланған. Бұл туралы Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Қайырхан Мәулен айтып берді.

«Кез келген үлкен спорттық шара алдында бапкерлер медаль саны бойынша міндеттеме алады. Соның ішінде көкпардан алтын жүлде болжап отырмыз. Жамбы атудан 4 стиль бойынша жарыс өтеді – оның екеуінен кем дегенде екі алтын алу жоспарда бар. Қазақ күресінен қыздарда 8, ерлерде – 8, бас-аяғы 16 салмақ дәрежесінде жарыстар болады. Соның кем дегенде 70-80 пайызында алтын алу жоспарланған», - деді Қайырхан Мәулен.
Одан бөлек, күрәш, аштырмалы аба гюреш секілді спорт түрлерінен ұлттық құрамалар жасақталған. Тоғызқұмалақ, асық ату, теңге ілу, аударыспақта да алтын жүлде алу көзделген.
«Негізгі міндет – жалпы медаль жиынтығында Қазақстанның бірінші орын алуы», - деді Қ.Мәулен.
Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Онда спорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.
Әлемдік додаға 89 елден 2800-ге жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Астанаға 100 мыңға жуық турист келуі мүмкін.