Джеки Чан Олимпиада алауын алып өтті

АСТАНА.KAZINFORM — Әйгілі актер Милан мен Кортинада басталып жатқан қысқы Олимпиада ойындарының эстафетасына қатысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

Джеки Чан Олимпиада алауын алып өтті
Фото: Global Look Press

Джеки Чан Олимпиада қозғалысы жақтаушыларының бірі. Бұл оның Олимпиада алауының эстафетасына үшінші рет қатысуы. Актер алауды 2008 және 2022 жылдардағы Бейжің ойындарында, сондай-ақ 2024 жылы Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында алып жүрді.

— Мен үшін қайтадан алау ұстаушы болу үлкен құрмет. Мен Олимпиада алауын алып жүрген сайын бұл жай ғана алау емес, бұл спорт пен адамзат рухы екенін сезінемін. Жай ғана от емес, бейбітшілік пен махаббатты алып жүргендей боласың, — деді ол.

Актермен бірге семсерлесуші Сандро Куомо, жүзуші Иммаколата Черасуоло және алау ұстаушы Мария Маринелла Бьякка ежелгі Рим қаласында олимпиада алауын алып жүрді.

BusinessMirror мәліметі бойынша, эстафета Италияның барлық 110 провинциясы арқылы өтеді және жалпы ұзындығы 12 000 км. Мәре сызығы 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 6 ақпанда өтетін Миландағы Сан-Сиро стадионында болады.

Айта кетейік, Милан-Кортина 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының алауын жағу рәсімі 5 желтоқсанда Римде өтті.

Сондай-ақ, біз Римдегі Stadio dei Marmi стадионында басталған Олимпиада алауының эстафетасы туралы хабарлаған болатынбыз.

Бұған дейін танымал актер және режиссер Джеки Чан басты рөлді сомдайтын «Құдіретті сауыт» фильмінің төртінші бөлімінің түсірілімі Қазақстанда өтетіні хабарланған.

Соңғы жаңалықтар