Дженнифер Лопес Алматыда екінші концертін өткізетін болды
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемге әйгілі америкалық әнші, актриса Дженнифер Лопес 10 тамыз күні Алматыда жеке концертін өткізеді. Бұл — Лопестің Қазақстандағы екінші концерті болмақ.

Әлемдік жұлдыздың Қазақстандағы концерттерін ұйымдастырушы, продюсер Мәлік Хасенов Астанада өтетін концерт билеттері 3 сағат 51 минутта сатылып кеткенін айтты.
− Бірінші концертке шамамен 55 мың адамның 10 мыңнан астамы ғана билет алып үлгерген. Яғни 45 мың адамның қажеттілігін қанағаттандырмадық. 12 мыңнан астам билет сатылса, шетелдік картадан 2 мыңнан астам транзакция жүргізілген. Нақты статистика концерт күні жақындағанда белгілі болады, − деді продюсер Qogam News Youtube-арнасына берген сұхбатында.
Бұл ретте Астанада және Алматыда өтетін Дженнифер Лопестің концерттеріне сатып алынған билеттерді кері қайтару мүмкін емес. Қазақстанда екінші концерттің ұйымдастырылуы дәл осы халықаралық тур менеджменті бекіткен шарт арқылы мүмкін болған.
Билетті алыпсатарлармен де күрес жүргізіліп жатыр.
− Туристік операторлардың өздері билетті алып-сатумен айналысып кеткені қынжылтты. Біздегі ең қымбат билеттер 150-180 мың теңге болса, олар 500-600 мың теңгеге дейін сатты. Мұндай операторлармен жұмыс істеуді тоқтаттық. Олар тек қана билет емес, тұтас туристік пакет сатумен айналысуы керек, − деп түсіндірді М. Хасенов.
Бұған дейін 1 тамызда «Астана Арена» стадионында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті өтетіндігін жазған едік. Одан қала экономикасына 6,5 млрд теңге және концерт өткізуден 400 млн теңгеден астам тікелей салық түседі деп болжанған.
Бұл концерт әлемдік жұлдыздың Up All Night турнесі аясында өтпек. Әлемдік тур 1 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Ол әлемнің 17 қаласын қамтиды, соның ішінде: Анталья мен Ыстанбұл, Мадрид пен Барселона, Будапешт, Варшава, Бухарест, Әбу-Даби қалалары бар.