Дзюдодан АЧ: қазақстандық кадеттер 3 алтын, 5 қола медаль жеңіп алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тайбэйде дзюдодан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандық кадеттер 3 алтын, 5 қола медаль жеңіп алып, 17 елдің арасынан жалпы медаль кестесінде көш бастады.

Атап айтқанда, Әлима Жұмағалиева (40 кг), Нұрқанат Серікбаев (50 кг), Тілеген Тынарбай (66 кг) чемпион атанды.

Ал Аслан Лес (55 кг), Мәрлен Әділ (60 кг), Диана Буркеева (44 кг), Балнұр Әбдешова (48 кг) және Аружан Ережепова (48 кг) үшінші орынға көтерілді.

Жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігі жексенбі күні аяқталады. Демек, медаль қорын толықтыруға мүмкіндік бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының екі алтын алуды жоспарлап отырғанын, Загребте өтіп жатқан Гран-прин турнирінде Галбадрахтың жеңімпаз атанғанын жазған болатын.

Загребтегі Гран-при жарысының екінші күні қазақстандық дзюдошылар үшін сәтсіз болды. Бүгін Руслан Мұсаев (81 кг) алғашқы белдесуінде-ақ жапониялық Таканори Нагасеге есе жіберсе, Ақылбек Серік (73 кг) пен Жансай Смағұлов (73 кг) екінші айналымда жарыс жолынан шығып қалды.

Загреб жарысы ертең мәреге жетеді.


Соңғы жаңалықтар