Дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық балуандар белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM - Дзюдодан 2025 жылғы әлем чемпионаты Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтеді.

Еліміздің дзюдо құрамасының бапкерлері оған қатысатын қазақстандық балуандардың тізімі жариялады.
Ерлер құрамасында Мағжан Шамшадин және Шерзод Давлатов (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Есет Қуанов (73 келі), Абылайхан Жұбаназар - (81 келі), Мейірлан Максим (90 келі), Нұрлыхан Шархан және Марат Байқамұров (100 келі) және Ерасыл Қажыбаев (100 келі) сынға түседі.
Ал әйелдер құрамасында Әбиба Әбужақынова және Ғалия Тынбаева (48 келі), Бақыт Құсақбаева (57 келі) және Эсмигүл Куюлова (63 келі) татамиде тартысқа түседі.
Әлем чемпионаты 13-19 маусым аралығында өтеді. Сондай-ақ, турнир аясында командалық жарыс ұйымдастырылады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Астанада өткен дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінде қазақстандық балуандар тоғыз медаль еншіледі.
Халықаралық турнирде ел құрамасынан Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары), Талғат Орынбасар (60 келі) екінші орынға табан тіресе, Мағжан Шамшадин (60 келі), Аман Бақытжан (60 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Есет Қуанов (73 келі), Бақжан Байтас (100 келі), Марат Байқамұров (100 келі) қола жүлдегер атанды.