Екі күнде есірткі саудасымен айналысқан 228 өзбекстандық жауапқа тартылды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 3-4 ақпан аралығында Өзбекстанда «Қорадори» («Қара көкнәр») операциясының бірінші кезеңі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Операция Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі және Ішкі істер министрлігінің мамандарымен бірлесіп ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде 112,3 келі есірткі мен 8 601 дана психотроптық препараттар тәркіленді. Бұған қоса, жедел алдын алу іс-шарасы барысында 175 пышақ, 24 кастет және 77 атыс қаруы айналымнан алынды.
Алдын ала мәліметке сай, есірткі саудасынан түскен 287,5 мың доллар қаражат анықталды.
«Қорадори» операциясының қорытындысы бойынша 222 қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда, 228 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, тағы 64 азаматтың ісі әкімшілік соттарға түсті.

Мұнымен бірге, іздеуде жүрген 47 адам ұсталып, 230-дан астам азаматқа ескерту жасалды.
Еске салайық, былтыр Өзбекстанның Орталық банкі алаяқтар ұрлаған 9,5 млрд сумды (шамамен $732 мың) бұғаттап тастаған.
Сондай-ақ бір жылда бала тәрбиесіне селқос қараған 45 мыңға жуық өзбекстандық ата-ана жауапқа тартылды.