Екібастұзда бала өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде екібастұздық ананың Мемлекет басшысына жолдаған бейне үндеуі тарады. Ол 1 жас 9 ай толған жеткіншегі дәрігерлердің қателігінен көз жұмғанын, соған орай кінәлі медицина қызметкерлерін жазалауды сұраған.

Екібастұздық Валентина Хамитованың айтуынша, былтырғы қараша айында ұлының қызуы көтеріліп, үйіне дәрігер шақырады. Алайда дәрігер үйіне келмей, ем-домды телефон арқылы жазып берген. Кейінірек клиникаға барғанда өзге дәрігер нәрестеге ангина диагнозын қойып, ересектерге арналған антибиотикті пробиотиксіз ұсынған. Рецепте емнің ұзақтығы мен дозасы да көрсетілмеген.
— Кейін баламда демікпе пайда болды. Жедел жәрдемді шақырмай, ұлымды ауруханаға алып бардым. Ондағылар стоматит диагнозын қойып, үйге қоя берді. Ал кешке қарай сәбиімнің жағдайы нашарлап бара жатқандықтан жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болдым. Пневмонияға шалдыққан деген күдікпен оны қалалық ауруханаға жатқызды. Арада үш сағаттан кейін медицина қызметкерлері ұлымның қайтыс болғанын хабарлады, — дейді анасы.
Медициналық сараптама бала өліміне сол жақтағы өкпенің қабынуы, іріңді бронхит және панбронхит себеп болғанын көрсеткен. Валентина Хамитова Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасына арыз жазған. Арыз бойынша кінәлі дәрігерлерге айыппұл салынған.
Валентина Хамитова медицина қызметкерлері жазасын алуы керек деп есептейді. Ол туралы көмек сұрап, Мемлекет басшысының атына видео үндеу жариялады.
Екібастұз қаласының полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы (Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны туралы хабарлады. Істің мән-жайы жарияланған жоқ.
Ал Денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты түсінік беруден бас тартты.
Еске сала кетейік, Алматыда жаңа туған сәбиін тастап кеткен әйел ұсталғанын жаздық.