Екібастұзда елдегі ең суық вокзалдардың бірі күрделі жөндеуден өтті
ЕКІБАСТҰЗ. KAZINFORM — 1988 жылы салынған Екібастұздағы теміржол вокзалы ұзақ жылдар бойы жұпыны жағдайда болған еді. Соңғы рет мұнда күрделі жөндеу жұмысы 2001 жылы жүргізілген.

Жаңарған вокзалда жолаушыларға жайлылық бар: ғимаратта лифт орнатылып, ана мен бала бөлмесі, хостел және шағын кафе ашылды. Бұрын қаңырап бос тұратын кеңістіктерді жергілікті кәсіпкерлер жалға алуда.
— Екібастұз вокзалы 2001 жылдан кейін жөндеу көрмеген еді. Осы уақыт аралығында ол елдегі ең салқын бекетке айналды. Күрделі жұмыстардан кейін мұнда екі жылу жүйесі қосылып, ғимарат жылытылды. Өздігінен жүре алмайтын жандарға арналған лифт орнатылып, ана мен балаға арналған тегін бөлме ашылды. Намаз оқитын орын жасақталды. Бұрын ғимараттың жартысынан көбі бос тұрса, қазір мұнда 11 жалға алушы бар, кафе жұмыс істейді, хостел ашылды, — дейді «Павлодарвокзалсервис» ЖШС директоры Дархан Махметов.

Вокзалды жөндеуге көмектескен демеуші — KAZ Minerals Тобы реконструкция жұмыстары үшін 987 миллион теңге қаржы бөлді. Бұған дейін компания Павлодардағы теміржол вокзалының заманауи кейіпке енуіне септігін тигізген болатын. Екі ғимарат та ұқсас стильде безендірілді — фасадтар, билет кассалары мен күту залы жаңартылды.
— Теміржол вокзалы — қаланың бет-бейнесі, Екібастұзға келген әрбір жанның назары бірден осы ғимаратқа ауады. Біз вокзалдың заманауи, қолайлы орынға айналғанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта да маңызды инфрақұрылымды жетілдіру үшін жергілікті әкімдікпен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Бүгінге дейін Екібастұзда балалар шығармашылығының орталығы ашылды, Павлодардағы вокзал және Шідерті ауылындағы балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізілді, тізім мұнымен шектелмейді, — дейді «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС бас директоры Джейми Каратти.

Жолаушылар жаңарған вокзалдың қолайлылығына риза. Солардың бірі — Ольга Алимова. Ол бір апта бұрын сәбиін ертіп ата-анасына қонаққа бару үшін пойызға билет сатып алған.
— Вокзалда көптен болмап едім. Керемет өзгерістерді байқадым. Өте әдемі, дәретханалар таза, күту аймағында телефонды қуаттап алуға болады. Қозғалыс кестесі үлкен таблода көрсетіледі, — дейді жолаушы.
Бір жылда Екібастұз вокзалы 700 мыңнан аса адамға қызмет көрсетеді, бұл тәулігіне 2000-2500 жолаушы деген сөз. Күн сайын мұнда 9 бағыттағы 18 пойыз аялдайды.
