Екібастұздағы жер үйлердің 94 пайызы жылуға қосылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Кеншілер шаһарында 6 мыңнан астам жер үй және көпқабатты 700 тұрғын үй бар. Қазіргі уақытта тиісті жылумен қамтамасыз ету үшін гидравликалық режимді реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Павлодар облысында үш қаладағы тұрғын үйлерді жылуға толықтай қосу мерзімі 5 қазанға белгіленді. Екібастұз шаһарының тұрғын үйлері жылдағыдай жылуға кеш қосылып жатыр. Ал, Павлодардағы 1 300 көпқабатты тұрғын үйдің төртеуінде әлі жылу жоқ.
– Кеншілер қаласында жылумен жабдықтау 450 көпқабатты тұрғын үйде жүзеге асырылды. 2 қазанда тағы 154 тұрғын үй жылу алады. Өзге үйлер 3 қазанда қосылады. Ал жеке сектордың 94%-ы жылуға қосылған. Екібастұз ЖЭО-да қазір 2 қазандық агрегаты істеп тұр. Бұл қазіргі ауа райы жағдайында жеткілікті. Резервте және толығымен жұмысқа дайын 4 қазандық бар. Жақында мұнда ЖМ-1, ЖМ-3 жылу магистральдерінде қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, гидравликалық сынақ сәтті жүргізілді. Қазіргі уақытта онда гидравликалық режимді баптау мен кезең-кезеңмен толтыру жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Ал, Ақсуда қазіргі уақытта ішкіжелілік жұмыстардың жүргізілуіне байланысты бір көпқабатты тұрғын үйде ғана жылу жоқ екені белгілі болды. Жұмыстар аяқталған соң жылу беріледі. Өзге 264 тұрғын үйде және барлық жеке үйлерде жылу бар.
Бұған дейін Павлодар облысында тұрғын үйлерді жылуға қосу аяқталып қалғаны туралы жазғанбыз.