19:20, 10 Мамыр 2012 | GMT +5
Екі ақтөбелік азамат Ақтөбедегі ферроқорытпалар зауытының денешынықтыру-сауықтыру кешенін тонамақшы болды
АҚТӨБЕ. 10 мамыр. ҚазАқпарат - Екі ақтөбелік азамат 31 жастағы күзетшіні пышақпен және қайшымен қорқытып, Ақтөбедегі ферроқорытпалар зауытының денешынықтыру-сауықтыру кешенін тонамақшы болды.

ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, күдікті азаматтар денешынықтыру-сауықтыру кешенінің салынып жатқан нысанында мыс кабелінің бар екенін білген. Қаскөйлер оны 9 мамырдың түнінде ұрлауды шешкен. Алайда, күзетші тарапынан қарсылыққа жолыққан олар тасаланып, іздерін жасыруға әрекеттенді.
Ауданды тінтіп, қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында патрульдік-бекеттік қызметіндегі полицейлер 18 және 29 жастағы екі жас азаматты қолға түсірді. Олардың бірі бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталған екен. Оқиға орнын тексеру барысында жоғарыда аталған пышақ пен қайғы анықталды.
Тергеу алдындағы тексеріс барысында анықталғандай, аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 179 бабы («Қарақшылық») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдіктілер қамауға алынды.