Екі жыл мүгедек туысқанын зорлап келген ақтөбелікке үкім шықты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат –Ақтөбе облысында ІІ топтағы мүгедек қызды екі жыл зорлап келген ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі жыл мүгедек туысқанын зорлап келген ақтөбелікке үкім шықты

Биылғы 6 қаңтардағы соттың қаулысына сәйкес қылмыстық процестік заңнаманың бұзылуына байланысты іс прокуратураға қайтарылған болатын.

Бүгін сот түпкілікті үкім шығарды.

«Ақтөбе қаласының № 2 сотында Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен Ә.Карылғашевқа қатысты іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, 2017 жылдың қаңтар айы мен 2019 жылдың тамыз айы аралығында Ә.Қарылғашев өз туысының үйіне еркін кіріп, үйдің үлкендері болмаған кезде туа бітті сал ауруына шалдыққан екінші топтағы мүгедек қыздың дәрменсіздігін пайдаланып, бірнеше рет зорлаған. Ә.Карылғашевтың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайы ретінде кәмелетке толмаған баласының болуы есепке алынды. Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Ол сот үкімімен кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық- атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді. Жәбірленушінің 2 миллион теңге моральдық зиянды өтеу туралы талабы толығымен қанағаттандырылды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.