Екібастұз ЖЭС-інде кезекті апат: тағы бір қазандық бүгін іске қосылады - мекеме басшылығы

ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Екібастұз жылу электр станциясында 7 қаңтарға қараған түні штаттан тыс жағдай болып, 3 қазандық тоқтатылған. Олардың екеуі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің инстаграмдағы парақшасына сілтеме жасап.

Екібастұз ЖЭС-інде кезекті апат: тағы бір қазандық бүгін іске қосылады - мекеме басшылығы
Штаттан тыс жағдай болып, жұмыс істеп тұрған 3 қазандық тоқтатылды. Жөндеу және технологиялық персоналдың жедел әрекет етуімен 2 қазандық таңертең іске қосылды, 5 қазандық істеп тұр. Қалаға жылу беру температурасы 47 градусқа дейін төмендетілген болатын. Қазір температура көтеріліп жатыр. Жағдай бақылауда және тұрақталып келеді. Тәуліктің соңына дейін тағы 1 қазандық жөнделіп, іске қосылады. Сондай-ақ, жылу болмаған кезеңдегі тұтынылған жылу энергиясы үшін төлемақы қайта есептеледі, -

дейді «Павлодарэнерго» АҚ бас директорының м.а. Вадим Лесин.


Еске сала кетейік, 31 желтоқсан күні Екібастұз қаласында «Қалалық су арнасы» кәсіпорнындағы жөндеу жұмыстары кезінде ЖЭО-ға арналған диаметрі 500 мм болатын техникалық құбыр жарылды. Апат салдарын жоюға Павлодар облысы ТЖД қызметкерлері жұмылдырылды.

Бұл жағдайға дейін 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды. 28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Бас прокуратура Екібастұздағы апатты тергеу екі айға дейін созылатынын мәлім етті.