Екібастұзда 2012 жылы ҮИИД МБ аясында 37 млрд. теңге инвестиция көлемімен бес жоба аяқталды

Бұл кездесуге Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын қатысты.
«Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің физикалық көлем индексі 125,2 пайызды құрады. Қала кәсіпорындары 258 млрд. теңгенің өнімдерін өндірді», - деді қала басшысы.
Өнеркәсіп өндірісінің артуына Мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы маңызды рөл атқарды. Оған өңірдің 33 жобасы енді. Аталмыш бағдарламаны іске асырудан бастап 68 млрд. теңгеге 19 жоба жүзеге асырылды. 2012 жылы 37 млрд. теңге инвестиция көлемімен 5 жоба аяқталды.
Екібастұзда және оның елді мекендерінде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылуда. Қала мен ауылдар абаттандырылуда, білім және денсаулық сақтау, мәдениет және спорт базалары нығайтылуда.
Есептік кездесуде өңір басшысы Е. Арын Екібастұздың әкіміне биыл жұмысшылар үшін 200 орындық жатақхананың құрылысын бастауды, Атығай ауылында құс фабрикасын қалпына келтіруді қолға алуды тапсырды.
Ерлан Арын Екібастұз тұрғындарына апатты жағдайда тұрған қалалық коллекторды қайта қалпына келтіру жөнінде мәселенің шешілгенін айтты. Оны жөндеуге қаражаттың бірінші траншы - 450 млн. теңге бөлінді.