Екібастұзда әлі де 17 көпқабатты үй мен үш әлеуметтік нысанда жылу жоқ - жедел штаб

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Екібастұзда жедел штабтың отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта Екібастұзда Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, «ОАЭК» АҚ акционерлері, «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС құрылтайшыларының қатысуымен жедел штабтың отырысы өтіп жатыр.

2022 жылғы 29 қарашадағы 23.55-тегі жағдай бойынша, Екібастұзда 17 көппәтерлі тұрғын үй, 3 әлеуметтік нысан және 1 әкімшілік ғимарат жылу жүйесіне қосылмаған күйінде қалып отыр. Оларға соңғы учаскедегі апат жойылғаннан кейін жылу қайта берілетін болады. Қалған үйлер мен нысандарға жылу төмен температурмен берілген»,-делінген Үкіметтің ресми сайты таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ онда тасымалдағыштың жылу беру температурасы 82°C (норма 87°C), кері қайтару 54°C (норма 56°C), пәтерлерде 18-20°C, сыртқы ауа температурасы -23°C екені айтылған.

Жеткізу желілері қатып қалған 59 көп пәтерлі тұрғын үйдің 22-сінде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, тағы 37 нысан қалып отыр.

34 кезекші бригада жұмыс істеп жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, 27 қараша күні түнде, сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын.

Осыдан кейін қаладағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Павлодарға ауыстырылып, мектеп оқушылары онлайн білім алуға көшірілді.

Бүгін Үкімет отырысында облыс әкімі Әбілқайыр Ысқақов қаладағы ахуалға қатысты есеп берді.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Екібастұз қаласындағы жағдайды қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар