Екінші рет «Қазақстан барысы» атануға бар күшімді саламын — Ерасыл Қажыбаев

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ күресінен 2024 жылғы «Қазақстан барысының» чемпионы Ерасыл Қажыбаев жеңісті жолын жалғастыруға дайын екенін айтты.

Екінші рет «Қазақстан барысы» атануға бар күшімді саламын – Ерасыл Қажыбаев
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Спортшы Астана қаласындағы «Damu Mall» сауда орталығында өткен салмақ өлшеу рәсімінен кейін Kazinform тілшісінің сұрағына жауап беріп, биылғы турнирдегі басты мақсатымен бөлісті. 

— Дайындық және көңіл-күй бәрі ойдағыдай. Еңбек етіп, аянбай тер төктік. Енді соның жемісін көретін уақыт келді. Басты мақсат — былтырғы жеңісті қайталау. Сол үшін, ертең бар күшімді салып, өнерімді көрсетемін, — деді Ерасыл.

Сонымен қатар, ол биылғы турнирдегі басты қарсыласын атады.

— Басты қарсылас ретінде осы турнирге қатысқан барлық 42 балуанды айтар едім. Боз кілемде әлсіз қарсылас жоқ, бәрі мықты. Жеребеге түскен әр қарсыласпен жақсы өнер көрсетуге тырысамын. Басқа ештеңе ойламаймын, — деді даңқты балуан.

Айта кетейік, Ерасыл Қажыбаев Абай облысы атынан өнер көрсетеді. Салмақ өлшеу қортындысы бойынша ол таразыда 151.4 келіні көрсетті.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, 14-ші мәрте алауы тұтанғалы отырған финалдық жарыс 18 қазан күні елорда төріндегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

Соңғы жаңалықтар