Экология министрі көлікті 5 минуттан артық қыздырмау туралы: Қос қолдап қолдаймын

АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көлікті 5 минуттан астам қыздырудың экологияға зияны туралы пікір білдірді.

Ерлан Нысанбаев
Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Бұл негізі Ішкі істер министрлігінің тақырыбы ғой. Жалпы біз, әрине, қолдаймыз. Бұл норма жалпы заңда бар, бұрын пайдаланылған жоқ. Ереже 20 жылдан астам уақыт бар. Әрине, елді мекендердің экологиялық жағдайын түзеу үшін бостан-бос қызып тұрған мәшинені тәртіпке келтіру мәселесін қолдаймыз, — деді ол. Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Оның пайымдауынша, аталған норма айыппұл арқылы бюджет түсімін толтыру үшін қолданысқа еніп отырған жоқ.

— Ал бүгінгі болып жатқан жағдай айыппұл салып, бюджетке түсімді көбейтудің мәселесі емес. Жалпы біз мәселелерді жан-жақты қарастырып жатырмыз. Мысалы, Алматы қаласының кіре берістерінде 19 экологиялық пост қойдық. Астана мен Алматының өзінде ғана 600-700 мыңдай тіркелген болса, күніне кіретін мәшиненің саны 400 мыңнан астам. Соның бәрі экологиялық тұрғыдан қарағанда қозғалтқышы бостан-босқа сөндірілмеген мәшине, әрине, қоршаған ортаны ластауға үлес қосады. Сол себептен біз оны екі қолмен қолдаймыз, — деді министр.

Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев қатты аязды күндері автокөлікті жылытуға 5 минуттан көп уақыт кететінін айтып, айыппұл салу нормасын қайта қарауды ұсынған болатын. 

Соңғы жаңалықтар