Экологиялық талаптарды елемеген мұнай компаниясына сот тыйым салды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында «Ап-Нафта Оперейтинг» ЖШС-нің қызметін тексеру кезінде экологиялық талаптардың бірнеше рет бұзылғаны анықталды. Нәтижесінде компания 6 млн теңгеден астам айыппұл арқалап, ауаға экологиялық рұқсатсыз шығарындылар жіберуіне сот арқылы тыйым салынды.

Экологиялық талаптарды елемеген мұнай компаниясына сот тыйым салды
Фото: Kazinform/ЖИ

Атырау облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, 2026 жылы кәсіпорынға қатысты талаптарға сәйкестігін тексеру және объектіге бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілген.

Бақылау барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, кәсіпорын экологиялық рұқсатсыз шығарындылар жасаған. Сонымен қатар шығарындылар нормативтері жобасында көрсетілмеген, қоршаған ортаға әсері бағаланбаған қосымша объектілер мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысынсыз пайдаланылған.

— Бұдан бөлек қалдықтарды түгендеу есебі толық тапсырылмағаны, фондық бағалау ұңғымасының жоқ екендігі, жерді мұнай өнімдерімен ластанғаны, қалдықтардың хронологиялық есебі жүргізілмегені, қауіпті қалдықтар паспорты жасақталмағаны, қалдықтары жер бетіне шашылуына, қалдықтардың араласуына жол бергендігі анықталды, -деп хабарлады экология департаменті.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік істер қозғалған. Нәтижесінде «Ап-Нафта Оперейтинг» ЖШС-не жалпы сомасы 6 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Сонымен қатар департамент компанияның экологиялық рұқсатсыз шығарындылар жасауына тыйым салу туралы талап арызбен Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінген. Сот талап арызды қанағаттандырды.


Еске салайық, 31,8 мың гектар жерден көтерілген шаң Атырауға қауіп төндіріп отыр.