Экономикалық қылмыс, қаржылық пирамида, кісі өлтіру: 2025 жылы шыққан ең даулы үкімдер

АСТАНА. KAZINFORM — Бірнеше ай бойы «Правда в деталях» бағдарламасының командасы Қазақстандағы резонанстық қылмыстардың тарихын баяндап келді. Ал биылғы жылдың соңғы шығарылымы көрермендерге 2025 жылы шыққан ең даулы үкімдерді еске салды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

сот, судья, сот үкімі
Фото: Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты

Экономикалық қылмыс азаймай тұр

2025 жылы экономикалық қылмыстар Қазақстан үшін өткір тақырып болып қалды. Мемлекеттік органдардағы жемқорлық, аграрлық жобалардағы алаяқтық, өңірлік даулы істер жыл бойы тергеу мен үкімдерге ұласты.

Соның ішінде Шымкенттегі екі алма бағы үшін бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану дерегі назар аударды. Оқиға 2017 жылы басталған, бірақ 2024 жылы Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігі «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ қызметін тексерді. Тексеру орындалмаған жұмыстардың сомасы 430 млн теңгеден асқанын, мемлекетке келтірілген жалпы залал шамамен 686 млн теңгені құрағанын көрсетті.

— Корпорацияның мақсаты — ауыл шаруашылығын дамытуға несие беру. Мемлекет бұл мақсатқа едәуір қаражат бөледі. Бірақ міндетіне адал емес адамдар ақшаны сұр схемалар арқылы шығарады, — деді заңгер Айдана Нұркеева.

Что оплатить и какую отчетность нужно сдать казахстанцам в ноябре
Фото: Pexels

Басқарма төрағасының орынбасары мен мердігерге қатысты қылмыстық іс 2024 жылы қозғалды. Кейін алаяқтық және бөтен мүлікті иемдену баптары қосылды. 2025 жылғы тамызда үкім шықты. Екі айыпталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мүліктері тәркіленді.

— Жалған рәсімделген әрекет ақыр соңында ашылады. Бұл іс соны айғақтап отыр. 2017 жылы басталған алаяқтық тек қазір анықталды. Соңында сот шығарған үкімге жеттік, — деді заңгер.

Урбанистика саласындағы сот үкімі

Жылдың тағы бір резонанстық оқиғасы — Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы, бас сәулетші Алмасхан Ахмеджанов пен оның серіктестеріне қатысты сот процесі болды. Оларға лауазымдық өкілеттілікті теріс пайдалану, аса ірі көлемде алаяқтық, ұрлыққа және пара алу фактілеріне жәрдемдесу баптары бойынша айып тағылды. Іс 2023 жылғы шілдеде Ахмеджановтың ұсталуымен басталды.

Алматы қаласының бас сәулетшісін ұстау Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жүргізген тергеуінен кейін жүзеге асты. Тексеру барысында жеке компаниялардың мүдделері кейбір шенеуніктердің шешімдерімен сәйкес келетін келісімдер анықталды.

Кейін істегі фигуранттарға қалалық жоспарлау, жер қатынастары басқармасының жетекшілері және оларға байланысты бағалау компаниялары қосылды.

Нуркеева
Фото: Видеодан скрин

— Алматы — сейсмикалық қауіпті аймақ. Төтенше жағдай кезінде бір элемент дұрыс жобаланбаған немесе салынбаған болса, адам шығыны болуы мүмкін емес пе? Сол үшін құжаттар мұқият қаралу керек, — деді заңгер Айдана Нұркеева.

2025 жылғы ақпанда Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша арнайы ауданаралық сот үкім шығарды. Алмасхан Ахмеджанов 11 жылға, жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов 10 жылға, жерді басқару бөлімінің бұрынғы басшысы Ерлан Жармұханбетов 14 жылға, ТОО «B& B Assessment» бағалау компаниясының директоры Алмазхан Бәкіров 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Мұханбетали Шалқарбеков пен Берік Ұскембаев секілді кәсіпкерлер 5 жылға шартты түрде сотталды.

Пирамида құрығы: Биыл 138 іс тіркелді

Бағдарламаның алдыңғы шығарылымында 2022-2023 жылдары Қазақстанның алты қаласында жұмыс істеген «Хас» қаржы пирамидасы туралы айтылған еді. Оның салдарынан шамамен 10 миллиард теңге шығын келтірілген, ал негізін қалаушы сот шешімімен 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазақстанда жойылған пирамидалардың орнына жыл сайын жаңа қаржы пирамидалары пайда болып, азаматтарға жеңіл кіріс уәде етеді, бірақ соңында оларды алдаған күйі қалдырады.

финансовая пирамид
Фото: Freepik

Биылғы жылдың алғашқы 10 айында қаржылық мониторинг органдарының өндірісінде 51 қаржы пирамидасына қатысты 138 қылмыстық іс тіркелді. Алаяқтық схемаларға 17,5 мыңнан астам салымшы тартылып, 19 миллиард теңгеден астам қаражат салынды.

— Бүгінде адамдардың қаржылық сауаты төмен, сондықтан олар кез келген ұсынысқа сенуге дайын. Олар пайыздық кірістің 100% болатынына сеніп, қаражаттарын алаяққа ұстатады. Сондықтан елге қаржылық сауат керек, — дейді Айдана Нұркеева.

Биыл қаржы пирамидалары саласында ең көп талқыланған істердің бірі — Шымкенттегі Nazira Gold пирамидасы болды. Салымшыларға ай сайын 20-40% кіріс уәде етілді. Алайда төлемдер жаңа салымшылардың қаражаты есебінен, яғни классикалық қаржы пирамидасының схемасы бойынша жүргізілді. Пирамидаға 4 мыңнан астам адам тартылып, жалпы қаражат 16 миллиард теңгеден асты.

суд
Фото: Kazinform

Тергеу көрсеткендей, қаражат заңды қызметке инвестицияланбаған, ұйымдастырушылар оны жеке қажеттіліктеріне — қымбат көліктер, мүлік, зергерлік бұйымдарға жұмсаған. Пирамиданың қызметі 2025 жылғы наурызда тоқтатылып, қазан айында сот үкімі шықты. Тоғыз ұйымдастырушы 5-10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот 402 миллион теңге, 52 автокөлік, жеке үй, екі элиталық пәтер және 17 кг зергерлік бұйымдарды тәркілеуді қоса шешті.

Автокредитование Автокөлік несиелері ключи кілт
Фото: Kazinform

Тағы бір резонанстық іс «Жұлдызай» және «Аяулым» пирамидаларына қатысты. Ұйымдастырушылар — екі дос қыз, әлеуметтік желілерде өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсету арқылы жоғары кіріс уәде етті. Минималды инвестиция 1 миллион теңгеден басталып, 40 күнде 90%-дан астам табыс уәде етілді. Бұл да классикалық қаржы пирамидасы схемасына сай болды. 2021 жылғы сәуірден 2023 жылғы шілдеге дейін 60 адам тартылып, жалпы шығын 490 миллион теңгеден асты. Ақпан айында Астанадағы сот ұйымдастырушыларды 5 және 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.

— Қаржы пирамидасы қалай жұмыс істейді? Алдымен көп адам тартылады, Instagram парақшаларында барлығы керемет көрінеді. Бірақ пирамида барлық ресурстарын жұмсаған соң, аз ғана адамдар қалғанда бәсеңдей бастайды, — дейді Нұркеева.

Ұзақ мерзім жұмыс істеп, заңды кәсіп ретінде өзін көрсетіп, алаяқтық жасауға әуес пирамидалар да бар. Мысалы, Happy Life KZ 2016-2024 жылдар аралығында қызмет еткен. Ол биологиялық белсенді қоспалар сату арқылы жұмыс істейтінін көрсеткен, бірақ ұйымдастырушы заңсыз схеманы дәрілік сабын, тағамдық қоспалар арқылы жасырған. Салымшылар негізінен зейнеткерлер болды, инвестициялар 7,5 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін ауытқып тұрған. Ұйымдастырушы әр жаңа қатысушы үшін 10-300% кіріс уәде еткен.

Биологиялық белсенді қоспалардың зияны мен пайдасы туралы қайдан білеміз
Фото: freepik.com

— Happy Life KZ қаржы пирамидасының жұмыс істеген жылдарында адамдар соңғы жинақтарын апарды. Олар бүгін 15 мың теңге салса, ай соңында 60 мың теңге аламыз деп сенген, — деді Нұркеева.

2025 жылғы мамырда Астананың ауданаралық қылмыстық істер соты Happy Life KZ ұйымдастырушысына үкім шығарды. Әйел 217-бап, 3-бөлім бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот зардап шеккендердің материалдық шығынын өтеу талаптарын да қанағаттандырды.

— «Байқа пирамида» атты Telegram-бот бар. Жүйе қаржы пирамидасына ұқсастық белгілерін анықтайды. Бұл — қаржылық мониторинг агенттігінің жасаған жұмысы. Осы механизм арқылы ұйымдастырушылар мен жарнамалық қызметкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылады, — деп еске салды Нұркеева.

Қысқаша айтқанда, тізім мәселенің ауқымын, миллиардтаған теңге шығынды және ондаған мың алданған адамды көрсетеді. Мұндай оқиғаларды жариялау болашақта кем дегенде бір адамды ойландыруы қажет.

Экстремизм артты

2025 жыл терроризм мен экстремизмге қатысты істер бойынша ең көп үкім шыққан жылдардың бірі болды. Жыл бойы әртүрлі аймақтарда сот шешімдері үздіксіз қабылданып, құқық қорғау органдары ел ішінде және шетелде радикалды идеяларды насихаттау мен жастарды вербовка жасау әрекеттерінің өскенін хабарлады. Осыған байланысты Қазақстан экстремистік топтардың ықпал арналарына белсенді тосқауыл қойып, нәтижесін көрсетті.

Сразу в нескольких регионах Казахстана задержали религиозных радикалов
Фото: ҰҚК

Жаз айларында бірнеше қазақстандық терроризм немесе оның насихаты үшін нақты мерзімдерге сотталды. Түркістанда шетелден депортацияланған азамат шетелдік террористік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Басқа бір сотталушыға сот тағы 9 жыл қосып, өлтіруге әрекет жасау және радикалды идеяларды насихаттағаны үшін үкім шығарды.

Тағы бес адам соғыс аймақтарына шығуға тырысқаны және экстремистік материалдар таратқаны үшін кінәлі танылды. Олар қатал режимдегі түрмеде 4-тен 8 жылға дейінгі мерзімде жазасын өтейді. Шымкент, Атырау және Ақтөбе қалаларында ұқсас істер 6-дан 7 жылға дейінгі мерзімдермен аяқталды. Тамыз айында бірнеше аймақ соттары 12 іс бойынша бір мезгілде шешім шығарды.

түрме
Фото: Ирина Адылканова

11 адам терроризмді ақтау және діни алауыздықты шақыру бойынша, бір адам террористік ұйымға қосылу мақсатында шетелге шығуға дайындалғаны үшін сотталды. Қараша айында Алматы, Ақтөбе, Қонаев және Шымкент қалаларында терроризмді, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы насихаттағаны үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері деструктивті діни ағымдардың алты жақтасын ұстады.

Тергеу мәліметтері бойынша олар діни мотивпен шабуыл жасау және адам өлтіруге шақырған, сондай-ақ зайырлы мемлекет құрылымына қарсы әрекет жасаған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің дерегінше, жылдың басынан бері террористік және экстремистік әрекеттерге қатысты 83 адам ұсталып, 97 адам сотталды.

Сегіз айға созылған сергелдең

Биыл елді дүр сілкіндірген тағы бір іс бар. 17 қарашада Атырау қалалық соты 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты үкім шығарды.

Яна Легкодимованың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі жарияланды
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Сотқа 24 және 25 жастағы екі жігіт тартылды. Шешімді жұртшылық жаппай күтті.

Трагедия 2024 жылғы 18 қазанда болған. Яна үйінен танысымен кездесуге шығып, із-түзсіз жоғалып кетті. Сегіз ай бойы туыстары мен полиция қызды іздеді. Осы жылдың 20 маусымында оның денесі Жайық өзенінің жағасынан табылды.

Яна Легкодимованың ісі
Коллаж: Kazinform / Freepik / Legkodimova_ / Instagram

Тергеу мәліметтері бойынша, қылмысқа Янаның танысы Ризуан Хайржанов пен оның досы Алтынбек Катимовтың қатысы бар. Екеуі алдын ала сөз байласу арқылы қасақана адам өлтіру және дәлелдемелерді жасыру айыбымен сотталды.

Сот қылмыстың мұқият жоспарланғанын және ерекше қатыгездікпен жасалғанын анықтады. Қаскөй Янаны автокөлікте тұншықтырып өлтірген, ал денесі мен ұялы телефонын өзенге тастаған. Сот үкімімен Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот оларды марқұмның анасына 31 млн теңге моральдық және материалдық шығын төлеуге міндеттеді.

— Қылмыс қазақстандықтардың үрейін алды. Істі қарау барысында қоғамдық резонанс үлкен рөл ойнады. Егер мұндай шу болмаса, ауыр жаза да қолданылмаған болар еді, — деді Нұркеева.

25 жылдан кейін ашылған құпия

Биыл шілде айында Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында да ерекше резонанс тудырған үкім шықты. Оқиға 25 жыл бұрын жасалған қылмыстың ашылуымен ерекшеленді. 2000 жылы желтоқсанда Орал қаласында екі адамның денесі оқ жарақаттарымен табылған еді. Қылмыс автокөлікте жасалып, құрбандардың басына және мойын тұсына оқ атылған.

пистолет
Фото: pixabay.com

Нақты дәлелдердің болмауынан іс ұзақ уақыт ашылмады. Тек жылдар өткен соң тергеушілер прокуратураның қолдауымен оқиғалар тізбегін қалпына келтіріп, күдіктілердің ізіне түскен. Биыл ақпанда қылмысқа тапсырыс берген және оны іске асырған деп саналатын адамдар ұсталды.

— Кейбір тергеулер осылай жылдарға созылады. Бірақ олар нәтиже бермесе, әдетте, мерзім тоқтатылып, іс ашылмай қалады, — деді Нұркеева.

Сот шешімімен екі адамды өлтіру ісі бойынша айыпталған ер адамдар 19 және 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Осылайша, ұзап бара жатқан жыл қылмыстардың әртүрлі болғанымен, салдары бір екенін байқатады. Ал бағдарламаның қорытынды шығарылымы әділет жолының ұзақ әрі күрделі болуы мүмкін екенін, бірақ оның бәрібір орнайтынын көрсетеді.

Айта кетейік, кеше Түркістан облысында 16 жасар қыздың өліміне қатысты сот үкімі шыққанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар