Экс-еуродепутаттың ұлы халықаралық есірткі желісін ұйымдастырды деген күдікке ілінді
АСТАНА. KAZINFORM – Дүйсенбі күні Бельгияда Испания мен Бельгия арасында каннабис сататын ірі желіні ұйымдастырды деген күдікке ілінген алты адам ұсталды.

Олардың арасында Еуропарламенттің адам құқықтары жөніндегі комитетінің бұрынғы басшысы Мари Аренаның ұлы да бар.
Брюссель прокуратурасы сәрсенбіде тергеу судьясы Испания мен Бельгия арасындағы ірі көлемдегі каннабис контрабандасына қатысты тергеу аясында қылмыстық ұйымға қатысы бар және есірткі әкелді, сақтады және сатты деген айып тағып, алты күдіктіні қамауда ұстау туралы шешім шығарғанын жариялады.
Осы тергеу аясында барлығы он беске жуық күдікті қамауға алынған.
Дүйсенбіде Брюссельдің Федералдық сот полициясы ел астанасының сот округіндегі бірнеше мекенжайда, сондай-ақ Валлондық Брабант, Льеж және Намюр аудандарында тінту жүргізді.
- Қамауға алынған алты күдіктінің бірі қылмыстық ұйымның басшысы болып саналады, - деп мәлімдеді Брюссель прокуратурасы.
Тұтқындалған алты адамнан басқа, қалғандары босатылды.
RTBF телеарнасының хабарлауынша, қамауға алынған күдіктілердің арасында Еуропарламенттің социалистік партиядан депутаты Мари Аренаның ұлы Уго Лемэр бар.
Соңғысы каннабис сатуға мамандандырылған BRC&Co компаниясының негізін қалаған.
Бельгиялық телеарнадағы дереккөздің хабарлауынша, Уго Лемэр – қамауға алынған алты күдіктінің бірі.
Тергеу амалдары 2023 жылдың шілдесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі орталық басқарма (OCRC) жүргізген басқа тергеу кезінде анықталған есірткінің заңсыз айналымына қатысты айғақтар негізінде басталды.
Өз кезегінде Еуропарламентте адам құқықтары жөніндегі шағын комитеттің төрайымы қызметін атқарған Мари Арена Еуропарламенттегі бір топ адам Таяу Шығыстағы кейбір елдерге ақша мен бағалы сыйлықтар үшін саяси қызмет көрсеткен тағы бір атышулы іске қатысы бар.
Осы іс аясында Бельгия полициясы Еуропа астанасын дүр сілкіндірген бірнеше тінту мен тұтқындау жүргізді. Тінту кезінде компьютерлер, ұялы телефондар мен 600 мың еуро тәркіленді.