Ел азаматтарының жеке деректері сақталатын Яндекс серверлері қалыпты жұмыс істеп тұр – министрлік
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтайтын «Яндекс» серверлері ел аумағында орналасқан және қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, «Яндекс» сервистеріндегі ақаулар цифрлық платформалардың тұрақты жұмысына қатысты сұрақтар туғызған. Алайда пайдаланушылардың дербес деректерін сақтайтын серверлердің Қазақстанда орналасуы платформаның барлық компоненті ел аумағында жұмыс істейді дегенді білдірмейді.
Атап айтқанда, такси және жеткізу қызметтерінің жұмысына қажетті кейбір компоненттер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан.
— Пайдаланушылар үшін сервистердің үзіліссіз жұмыс істеуі бірінші кезекте маңызды. Сондықтан деректерді Қазақстан аумағында орналастыру және цифрлық платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету — кешенді шешуді талап ететін екі бөлек міндет, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта «Яндекс» сервистердің жұмысын қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар жүктеме артқан жағдайда да такси және жеткізу қызметтерін ұсынатын басқа платформалардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Ресейде бірқатар сервистің жұмысы жаппай істен шыққан еді.
Сондай-ақ бұған дейін Yandex Go Kazakhstan сервистер жұмысындағы ақауларға қатысты түсінік берген еді.
Компанияның баспасөз қызметі кейбір сервистерде ақау бар екенін растады. Қазір мамандар олардың жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатыр. Алайда қызметтердің қашан толық іске қосылатыны әзірге белгісіз.
Яндекс өкілдерінің түсіндіруінше, күрделі цифрлық сервистердің жұмысы әртүрлі елдерде орналасқан серверлерге тәуелді. Сондықтан бір сервердегі ақау басқа елдердегі қызметтердің жұмысына да әсер етуі мүмкін.