Ел чемпионатында «Атырауды» ұтқан «Ақжайық» оныншы орынға көтерілді

Бұған дейін атыраулықтар 22 ұпаймен жетінші орында болса, оралдықтар 13-сатыда еді.
Бірінші айналымда Атырауда Оралхан Өміртаев жеңіс голын соғып, «Ақжайық» ұтып кеткен еді.
Бұл жолы 8-минутта атыраулық қақпашы мен қорғаушының қателігінен соң ресейлік Артур Газданов есеп ашты.
20-минутта «Ақжайықтың» сұрмергені, грузиялық шабуылшы Тома Табатадзе есепті 2:0-ге жеткізді.
34-минутта айып добы орындалғаннан кейін «Атырау» сапындағы поляк ойыншысы Петр Гжельчак қақпаны дәл көздеді.
Дегенмен бірінші тайм соңында Т.Табатадзе 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ - 3:1.
Екінші таймда 68-минутта «Ақжайық» капитаны, ресейлік қорғаушы Сергей Шустиков өз қақпасына гол соғып алды.
Әйтсе де арада 10 минут өткенде Оралхан Өміртаев матчтың нүктесін қойды - 4:2.
Осылайша, қатарынан екі жеңіске қол жеткізген «Ақжайық» 18 ұпаймен турнир кестесінде оныншы орынға көтерілді.
Келесі турда 4 қыркүйекте «Атырау» «Каспийді» қабылдаса, бір күннен кейін оралдықтар елордада «Астанамен» ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан чемпионатында «Ақжайықтың» «Каспийді» 2:0 есебімен жеңгенін жазған болатынбыз
Суреттерді түсірген Айбатыр Нұраш