Ел имиджі – Олжас Бектенов биыл 53 вокзалды қайта жаңғыртуды тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл еліміздің 53 теміржол вокзалын реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында айтты.

Ел имиджі – Олжас Бектенов биыл 53 вокзалды қайта жаңғыртуды тапсырды
Фото: акимат Алматы

Министрдің айтуынша, қазір бұл жобаларды қаражатпен қамтамасыз ету мақсатында халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр .

− Жалпы, теміржол саласындағы жобаларды жүзеге асыру 20 жылдағы әлеуметтік-экономикалық бағытта 11 трлн теңге болатын мультипликативті әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2025-2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің өсіміне шамамен 0,4-тен 1% деңгейінде үлес қосуға ықпал етеді, − деді Марат Қарабаев бүгінгі Үкімет отырысында.

Сонымен бірге, министр барлық жоба бойынша биылғы сәуір айында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланғанын айтты.

Премьер-министр Олжас Бектенов вокзалдарды жаңғырту мәселесіне ерекше тоқталды.

− Вокзалдар бойынша өзіңізге тапсырма берген болатынмын. Бұл өте маңызды, еліміздің имиджіне, беделіне өте әсер ететін мәселе. Сондықтан оны биыл аяқтау қажет, тиісті қаржыландыру қажет, — деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, биыл Қазақстанның 5 мың шақырымға жуық теміржолы жаңғыртылады. Қызылжар — Мойынты» жаңа теміржол желісі салынады, «Алтынкөл — Жетіген» және «Бейнеу — Маңғыстау» учаскелері жаңғыртылады.

Елімізде жалпы саны 59 вокзал бар. Олардың басым бөлігі «Қазақстан темір жолының» балансында, ал Алматы-1, Алматы-2, Павлодар, Екібастұз, Ақсу, Түркістан және Шымкент вокзалдары әкімдіктердің қарамағында. 

Сондай-ақ, Қазақстандағы жолдар құрылысында отандық компанияларға артықшылық беріледі. Биыл «Жезқазған-Қарағанды», «Ақтөбе-Ұлғайсын», «Атырау-Доссор» жаңа жолдарының құрылысы басталады

Соңғы жаңалықтар