Ел тірегі – еңбек адамы: 5 миллиондық шайқас
АСТАНА. KAZINFORM — Еңбекпен өмір сүріп, маңдай терімен нәпақасын тауып жүрген жандар үшін 27 желтоқсан ерекше күн болмақ. Сол күні сағат 10:00-де «Хабар» телеарнасында Қазақстандағы жұмысшы мамандықтар арасындағы алғашқы реалити-жоба - «Шеберлер шайқасының» шешуші кезеңі көрсетіледі.
Бұл жоба бір маусым бойы көрерменді жай ғана сайыспен емес, нағыз өмірдің өзімен қауыштырды. Дәнекерлеуші де, құрылысшы да, аспаз бен автослесарь, ағаш шебері де камера алдында емес, күнделікті жұмысындағыдай тер төкті. Әр тапсырма шынайы еңбекке жақын, әр сынақ адам төзімін, мінезін, жауапкершілігін таразылады. Сол себепті бұл жарыс ұпай жинау үшін емес, адам болмысын ашу үшін өтті.
Ақыры сол қиын жолдан сүрінбей өткен бес азамат финалға жетті. Олардың әрқайсысы өз ісіне адал, отбасы үшін тірек, қоғамға қажет маман.
Алматылық аспаз Жамиля Абдрешова үшін ас дайындау жай кәсіп емес, отбасын асыраған өмірлік міндет. Қиын сәтте бүкіл жауапкершілік өз иығына түскенде, ол сынбады. Бүгінде 15 жылдық тәжірибесі бар білікті маман ретінде, ең үлкен марапатты медальдан емес, балаларының «анашым, дәмді болды» деген сөзінен табады.
Қарағандылық автослесарь Ержан Ертаубай еңбекке тым ерте араласты. 16 жасында қалтасында бір тиыны жоқ күйде жұмыс бастап, кей түндерді автосервисте өткізді. Бірақ қажымады. Темір тұлпарлар оның тағдырына айналып, еңбек өмірде алға жетелейтін жалғыз жол болды. Оның тарихы үнсіз төзім мен ер-азаматқа тән жауапкершіліктің айғағы.
Шымкенттен келген құрылысшы Бахытжан Ормолдаев үшін құрылыс бала кезден басталған тағдыр жолы. Әкесіне көмектесуден басталған еңбек бүгін 20 жылдық тәжірибеге ұласқан. Ол үшін жұмыс шаршау емес, керісінше тынығу. Салған әр нысанында оның кәсібіне деген шынайы махаббаты көрініп тұрады.
Жаңаөзендік тігінші Көбейсін Есетов ерте есейді. Әкесінен айырылған соң, отбасының бар салмағы оның мойнына түсті. Сол кезден бастап қолөнерді нәпақа емес, өмірлік жолына айналдырды. Оның еңбегінде туғандарына деген жауапкершілік пен бір таңдаудан таймау бар.
Алматы облысынан келген ағаш шебері Еркебұлан Уәлиевтің өнері – атадан балаға жалғасқан аманат. Атасы мен әкесінен дарыған шеберлік, бала күнгі арман жеке шеберхана ашу, ағашқа деген шексіз сүйіспеншілік оның әр жұмысын жанды дүние секілді сөйлетеді.
«Шеберлер шайқасының» финалы – бір жобаның аяқталуы емес. Бұл елеусіз қалып келген жұмысшы мамандықтарының қадірін арттыруға деген талпыныс. Финалда жүзден жүйрік анықталып, 5 миллион теңге көлеміндегі бас жүлде өз иесін табады.
Қайсарлық, толқу, соңғы секундқа дейінгі тартыс пен өз еңбектерімен елге үлгі болған азаматтарға деген мақтаныш – бәрі де 27 желтоқсан күні сағат 10:00-де «Хабар» арнасында. Бұл финал еңбекті құрметтеген әр адамға арналған.