Ел ЖЭО-ларын көмірмен қамту ахуалы қалай

«Қазақстан темір жолы» компаниясы биылғы 8 айда тасымалданған әлеуметтік маңызы бар жүктердің есебін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы аралықта жылу электр орталықтарына (ЖЭО) 43,1 млн тоннадан астам көмір жеткізілді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңі көрсеткішімен салыстырғанда 950 мың тоннаға жоғары. 4,8 млн тоннадан астам коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалданды. 20 қыркүйектегі жағдай бойынша ЖЭО қоймаларында 4,8 млн тоннадан астам көмір қоры құрылды. Яғни, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 10% көп.
29 ЖЭО мен 16 МАЭС-те Энергетика министрлігі белгілеген қор нормалары екі есе және одан да көп, ал 10-ында 1,5 есе жоғары», – делінген ҚТЖ хабарламасында.
Мәлім болғандай, жыл соңына дейін ай сайын 9,5 млн тонна қатты отын тасымалдау жоспарланып отыр. Биыл жалпы көлемі 106 млн тоннадан астам көмірді темір жол арқылы жөнелту көзделген. Оның 76 млн тоннасы ішкі нарыққа арналған.