Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақтөбе облысына сапар жасайды

Сапар аясында Елбасы «Ақтөберентген» акционерлік қоғамында болып, елімізде медициналық және өнеркәсіптік рентген аппаратын шығаратын жалғыз кәсіпорынның өндірісімен және оның өнімдерімен танысады.
Одан кейін «Ақтөберентгеннің» базасында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан жобаларының таныстырылымы өтеді. Айта кету керек, мемлекеттік бағдарлама аясында өңірде жалпы сомасы 1 триллионнан астам теңгенің 84 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. 2010 жылы 143,9 миллиард теңге соманың 43 инвестициялық жобасы іске қосылып, 7,9 мың жұмыс орны құрылады. Жылдың басынан бері жалпы құны 54,7 миллиард теңгенің 18 жаңа нысаны пайдалануға беріліп қойды, оның 13-і - Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асырылып отыр.
Одан кейін Елбасы «Нұр Отан» ХДП Жоғарғы партия мектебінің аймақтық оқу орталығына ат басын тірейді. Қайта жаңарту жұмыстары жүргізілген ғимаратты аралап шыққаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы партиялық мектептің тыңдаушыларымен - Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен, Ақтөбе филиалының қызметкерлері мен облыстың партиялық активімен кездеседі.
Елбасы сондай-ақ, «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» эстафета-марафонының қорытындысын шығаруға арналған облыс жастарының слетіне қатысады.
Жұмыс сапарының соңында Нұрсұлтан Әбішұлы қайта жаңарту жұмыстары жүргізілген Орталық мәдениет және демалыс саябағына барады деп жоспарланып отыр. Жақында ғана жөндеуден өткен саябақтың орталық бөлігіндегі қорғанда биіктігі 91 метрлік флагшток орнатылған.