Елбасы тапсырмасы: Ақтөбеде 29 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар саны артады. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйрестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы партия активінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың XVIII Съездегі тапсырмаларын түсіндіру бойынша партия активі өтті. Актив жұмысына съезд делегаттары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, мемлекеттік мекеме басшылары, Ақтөбе қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарлары, еңбек ардагерлері, кәсіпкерлер қатысты. Жиында көпбалалы аналарға көмек көрсету жолдары айтылды.
«Заңға өзгертулер енгізіліп, Елбасы тапсырмаларын орындау кезінде Ақтөбе облысы бойынша 29 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Қазіргі уақытта республикалық және жергілікті бюджеттен 903,8 млн теңге қаржы бөлінді.Аз қамтылған көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында республикалық бюджеттен қосымша 3585,1 млн теңге қаржы сұрастырылды. Ақтөбе қаласы және аудандарда облыс әкімінің тапсырмасына орай, бірінші кезекте аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың жеке әлеуметтік картасын толтыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шара екі аптаның ішінде аяқталуы қажет. Әлеуметтік карта әрбір отбасының қажеттілігін, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын бағалауды көздейді және де өмірлік қиын жағдайының деңгейін анықтайды»,- деді Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйрестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров.
Ақтөбеде мүгедектігі бар балаларға және жасы 18-ден асқан, бірақ бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерге күтім жасап отырған 3590 адам бар. Олардың жәрдемақысы 31,1 мың теңгеден 40,5 мың теңгеге дейін өседі.
«Елбасының ауылдағы көпбалалы отбасылар үшін гранттарға және шағын несиелеуге қосымша квота бөлуді тапсырды. Қазіргі кезде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Мәселен, ауылдардағы көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамту, отбасы бизнесін ашу, табыстарын арттыру үшін қайтарылмайтын 500 мың теңге көлемінде жаңа бизнес ашу үшін мемлекеттік гранттар беріледі. Қазіргі уақытта облыс бойынша 100 АЕК-ке дейінгі гранттарды ұсынуға көзделді. Бизнес идеяларды іске асыруға 86 адамға 21,6 млн теңге бөлінді. Қосымша 500 мың теңгеге дейін мемлекеттік гранттарды ұсыну үшін 182,4 млн теңге республикалық бюджеттен сұралды», - деді Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйрестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров.
Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жалпы 1048 адамды, соның ішінде көпбалалы отбасыларды қоса алғанда шағын несиелеуге 5 041,9 млн теңге беру жоспарланды. Ауыл тұратын 976 адамға 3850,3 млн теңге, қалада тұратын 72 адамға 1191,6 млн теңге қарастырылған.