Елбасының ерлігі атомды тұсаулады

Тарихқа қайта көз жүгіртсек, 1991 жылдың 29-ыншы тамызында қазақ жерінде адамзаттың назарын аударған айтулы оқиға болды. Сонау алмағайып кезеңде КСРО-ның құрамында болған республика басшыларының бірі Нұрсұлтан Назарбаев ядролық апатқа бағыт алған әлемді тоқтатуға батыл қадам жасады. Ақиқатқа жүгінер болсақ, бұл әлемдік тәжірибеде атомнан бас тартып, ядролық сынақ полигонын жапқан ең тұңғыш және соңғы оқиға. Айтарлығы, бұл оқиға ядролық қару-жарағы бар алпауыт елдерді ядролық сынақтарға мораторий жариялауға мәжбүрледі. Соның нәтижесінде 20 жыл бұрын, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты қабылдап, оған барлық мемлекеттерді қол қоюға шақырды. Қазақстан алғашқылардың бірі болып, аталған шартқа қойып, оны ратификациялады. Қазіргі кезде шартқа қол қоймаған 8 мемлекетті осы келісімге қосылуға шақыруда. Егер олар шартқа қол қойса, бұл құжат ядролық қаруды таратпау ісіндегі нақты және тиімді құралдың біріне айналады.
Алайда XXI ғасырдың басында әлемдегі ахуал тұрақталмай отыр. Халықаралық жанжалдардың тоқтайтын түрі жоқ. Осыған алаңдаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл 31-інші наурызда Вашингтонда өткен төртінші ядролық қауіпсіздік саммитінде «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ұсынды. Сол құжатта жер бетіндегі соғыстар мен жанжалдарды тоқтату үшін барлық мемлекеттер мен ұлттардың өзара келісілген іс-әрекеттерін көрсетіп берді. Аталған манифесте Елбасы былай деді: «Барша адамзат XXI ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты. Бірақ бүгінде бұл елесті сағымға айналуы ықтимал. Әлемге тағы қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер - жаһандық соғыс!.. Соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда. Ол бірқатар мемлекеттерде экономиканың өлім ұрығын себетін ең қуатты саласына айналып, әскери-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттырып отыр... Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай келеді. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі - уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе».
Елбасы өзінің манифесінде адамзаттың ең күрделі міндеті - соғыстың тамырына балта шабу үшін «XXI ғасыр: Соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажеттігін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, бұл манифест - соғыс вирустары мен жанжалдарды жоюға арналған барлық ұлттардың келісілген және жауапты іс-қимылдарының стратегиясы. Міне, осылайша Елбасымыз жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы екенін тағы бір рет дәлелдеді. Жалпы алғанда, сонау 1991 жылдан бері Қазақстан өзінің өміршең халықаралық бастамаларымен көзге түсуде. Сол бастамалардың қатарына 1991 жылғы 2-ыншы тамыздағы Елбасының Семей ядролық полигонын жабу туралы тарихи жарлығын және еліміздің әлемдегі қуаты жөнінен төртінші тұрған әскери арсеналдан өз еркімен бас тартуын жатқызуға болады. Салыстырып қарасақ, 25 жыл бұрынғы ядролық арсеналымыз қуаты жөнінен Франция, Ұлыбритания, Қытай сияқты елдердің әскери қуатынан артық болған. Біздің қолымыздағы ең соңғы заманауи ядролық кешеніміздің артықшылығы - жаппай қырып-жоятын және оқтұмсық жеткізетін ең жаңа құралдар шоғырланды. Қазақстанда әуе арқылы жіберілетін құрлықаралық зымырандарды ұшыратын 148 шахталық қондырғы орналасты. Бұған қоса, қанатты зымырандармен жабдықталған ТУ-95 бомбалағыштарының аса үлкен стратегиялық базасы жұмыс істеді. Сол кездегі ядролық арсеналымыз 1400 ядролық қару-жарағы бар 104 зымыраннан құралды. Бірақ біз ештеңеге қарамастан, бәрінен бас тарттық. Осылайша жаһандық қауіпсіздік мәселесіне келгенде әлемдік көшбасшыға айналдық. Арада ширек ғасыр өткенде Елбасының көрегендігімен қабылданған осы шешімдердің дұрыстығына көзіміз жетуде.
Жалпы алғанда, Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуға қатысты барлық бастама баяндылығын көрсетуде. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ) 1996 жылдың 10-ыншы қыркүйегінде БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 50-інші сессиясында қабылданды. Бүгінгі күнге дейін шартқа Қазақстанды қоса алғанда әлемдегі 183 мемлекет қол қойды. ЯСЖТШ толық күшіне енуі үшін оған құрамына Корей Халықтық Демократиялық Республикасы, Үндістан, Пәкістан, Иран, Израиль, Мысыр, Қытай Халық Республикасы және АҚШ кіретін қалған 8 мемлекет қол қойып, ратификациялауы тиіс. 2015 жылдың 7-інші желтоқсанында Қазақстанның бастамасымен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай декларация қабылдау туралы ұсынысын 2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен алғашқы ядролық қауіпсіздік саммитінде жариялаған болатын.
Жаһандық қарусыздану саласындағы Елбасымыздың аса маңызды бастамаларының бірі - «АТОМ» жобасы. Мұндай жобаны жүзеге асыру туралы бастаманы мемлекет басшысы 2012 жылы 29-ыншы тамызда Астанадағы «Ядролық сынақтардан - ядролық қарудан азат әлемге қарай қадам басу» атты халықаралық конференцияда көтерді. «АТОМ» жобасы халықаралық қауымдастыққа ядролық қарудың қоршаған ортаға, соның ішінде адамзатқа әкелетін қауіп-қасіретін толық жеткізуді көздейді. Жобаның аясында Жер шарындағы ядролық қаруға қарсы кез-келген адам әлем үкіметтерін ядролық сынақтардан түпкілікті бас тартуға үндеп, онлайн-петицияға қол қояды. Сөйтіп, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне еніп, ядролық қатерден азат әлемді құруға өз үлесін қоса алады. Айтарлығы, бүгінгі күнге дейін әлемнің 120 еліндегі 300 мыңнан астам адам осы онлайн-петицияға қол қойған. Бұл қадам бәріміздің ортақ үйіміздің қауіпсіздігіне миллиондаған адамдардың немқұрайды қарамайтынын көрсетеді.
Қазақстанның халықаралық бейбітшілікке қатысты басқа да бастамалары жетерлік. Олардың қатарына Жаһандық антиядролық қозғалыс құруды, «Діндер терроризмге қарсы» форумын, БҰҰ-ның жүзжылдығына орай Жаһандық стратегиялық бастама-2045 жоспарын әзірлеуді және т.б. жатқызуға болады. Атап айтарлығы, қазіргі таңда Қазақстанның барлық бейбітшіліксүйгіш бастамаларын, Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзатқа жолдаған манифесін барлық үлкен державалар, әлемдік деңгейдегі беделді саясаткерлер қолдауда. Бір сөзбен айтсақ, мұның бәрі жаһандық қауіпсіздікке қосқан тәуелсіз Қазақстанның өлшеусіз үлесі болып табылады.
Әмірлан Әлімжан