Елде апатты жағдайдағы үйлердің көбі қай өңірде
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан аумағында апатты жағдайдағы үйлердің саны қанша және олар көбіне қай өңірлерде? Бұл сұраққа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берді.

— Қазір жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша елдегі апатты жағдайдағы үйлердің саны 1031 көппәтерлі тұрғын үй, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бұл тұрғыда апататты үйлердің көбі екі қала мен бір облыста көп тіркелген.
— Ең көбі Атырау облысыда — 217 көппәтерлі апатты тұрғын үй, келесі орында Астана қаласы тұр — 206 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген және Шымкент қаласында 108 көппәтерлі үй бар, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Министрлік ақпаратына қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін өңірлерге апатты және ескі тұрғын үй қорының 40 мыңға жуық меншік иелерін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет. ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысына сәйкес, 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы бекітілді, оның аясында өңірлерде жөндеу бағдарламалары іске асырылып жатыр. Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі жұмысты күшейту, апатты және ескі тұрғын үй қорының меншік иелерін тұрғын үймен қамтамасыз ету қарқынын жеделдету жөнінде түбегейлі шаралармен жергілікті атқарушы органдар айналысады.
Бұған дейін Астанада апатты тұрғын үйлерді бұзу жұмыстары 2028 жылға дейін аяқталуы тиіс екенін жазған едік.