Елде электромобильдер 18 мыңға жуықтады
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі елімізде тіркеліп жатқан электромобильдер саны тұрақты түрде артып келе жатқанын мәлім етті.

— Осы уқатықа дейін Қазақстанда барлығы 17 976 электромобиль тіркелді, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Айта кетейік, биыл ақпан айында Қазақстанда электромобиль саны 12 мыңнан асқан еді.
2024 жылғы 18 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Онда елімізде электромобильдерге арналған инфрақұрылымды құру және халықты электромобильдерге көшуді ынталандыру бойынша нормалар ескерілген. Сондай-ақ, елімізде электромобильдерді дамыту үшін бірқатар шара қабылданды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, әлемде электромобильдердің сатылымы артып келеді.
Британдық Rho Motion зерттеу компаниясының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында электромобильдердің жаһандық сатылымы былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға өсіп, 9,1 миллионға жетті.